×

«11 блоктың үшеуі ғана салынған»: Елордалық салымшылар тағы наразылыққа шықты

«Өркен» ТҚК төрт жылдан бері үш үйдің бірін де бітірмеген

 Ербол Тұрымбет 28.08.2023 | 11:53
Фото: Halyq Uni

Астанада бірнеше жылдан бері үйіне қол жеткізе алмай жүрген салымшылар тағы наразылыққа шықты. Олар 2019 жылдан бастап Safiya, Diana, Senator Park тұрғын үй кешендеріне ақша салған. Көбі пәтер ақысын толығымен төлеп қойғандар. Өткен аптада ғана тұрғын үй құрылыс кооперативі басшысынан «бір аптада бітіріп берем» деп уәде алған тұрғындар құрылыстың сол күйі жүрмей жатқанын айтады. 

Айтуларынша, аталған үш үйдің үшеуі де бітпеген күйі тұр. Safiya ТК шамамен 80%, Senator Park ТК 75% бітіп тұр. Ал 11 блоктан тұратын Diana ТК-да тек үшеуі ғана салынып, төртіншісі енді ғана көтеріліп жатыр. 

Өткенде құрылысты жалғастыруға алдымен 20 млн теңге, сосын 400 млн теңге ақша түсті деген. Бірақ онысы бұғатталған есепшотта жатыр екен. Әдейі солай істеді ме екен, білмеймін. Бірақ, Senator Park-ті бір аптада бітіріп бітіріп береміз деп апта бұрын айтқан. Бірақ құрылыс түк жылжыған жоқ, - дейді салымшылардың бірі Толқын.

Бұл үйлердің созбаққа түскенінен бөлек, қолданысқа берілген бөліктерінде сапаның тым нашарлығы да жұртты алаңдатып отыр. Елордадағы соңғы жауында Diana ТК-ның 15-16 қабаттарына су кірген. 

Айта кетерлігі, салымшылар апта бұрын да наразылық танытқан еді. Осы жолы құрылысқа жауапты «Өркен» тұрғын үй құрылыс кооперативінің бас кеңсесіне барды. Бастапқы жоспар бойынша құрылыстар 2021 жылдан бастап 2022 жылдың тамызына дейін бітуі керек еді. Бірақ бірқатар себепке байланысты 2023 жылдың тамызына дейін созылған. 

ТҚК басшысы Болат Омаров бұл жолы аталған үш үй бойынша барлық жұмыс бір ай ішінде бітіп, жұрт пәтерлеріне орналаса бастайтынын айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама