Балалар спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленмен кездесіп, сұрақтар қойды
«Арман қалаға сапар» жобасы аясында 30 бала елорданың көрікті жерлерін аралады. Алдымен «Бәйтерек» монументіне барып, содан кейін Red Bus туристік автобусымен Ailand ойын-сауық орталығында болды.
Әрі қарай балалар «Хан Шатыр», «Мәңгілік Ел» қақпасына барды. Содан кейін Ұлттық музейге барып, тарихи жәдіргерлермен танысты.
Сондай-ақ елордаға келген балалар спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленмен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Спорт комментаторы балаларға жұмысының қыр-сыры туралы ақпарат беріп, қай елдерден ақпарат тарату мүмкіндігіне ие болғанын айтты. Балалар спикерге сұрақ қойып, кейбірі сыйлыққа ие болды.
Ермұхамед Мәулен кездесуде белсенділік танытқан балаларға «Комментатор күнделігі» кітабын сыйға тартты.
Айта кетейік, «Altyn Qyran Foundation» қоры 11 жылдан бері ауыл балаларына арналған «Арман қалаға сапар» жобасын іске асырып келеді. Осы жоба аясында 2023 жылы елордаға Ақтөбе облысының ауылдарынан 30 бала келді. Олардың ішінде Сарыбұлақ, Ақраб, Қаракемер, Жарық және т.б ауыл мектептерінің оқушылары бар.
Оқушыларға жазғы демалыс ұйымдастыруға бағытталған жоба аясында балалар 3 күн бойы Астананың ең көрікті жерлерін аралайды. «Арман қалаға сапар» жобасы асында он жыл ішінде ауылдың 300-ден астам баласы елордаға келу және аралау мүмкіндігіне ие болды. Олардың арасында республикалық және облыстық олимпиада жеңімпаздары, көпбалалы және толық емес отбасыдан шыққан балалар бар.