Петропавлда сауна әкімшісі жеңгетайлықпен айналысқан

Динара Амантай

Ол 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: Halyq Uni

Петропавлда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері жеңгетайлық фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне Петропавлдағы сауналардың біріндегі әкімшіліктің жеңгетайлыққа қатысы бар болуы мүмкін деген жедел ақпарат келіп түскен.

Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1-бөлігі («Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық») бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде ҰҚҚКБ жедел уәкілдері саунаның 48 жастағы әкімшісінің тарапынан болған жеңгетайлық фактісін анықтады. Ол мекеме клиенттеріне интимдік қызмет көрсетуге ақшалай сыйақы үшін жеңіл жүрісті қызды шақырған. Бойжеткен алған сыйақысының бір бөлігін шақырғаны үшін әкімшіге берген. Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК-нің 309-бабының санкциясына сәйкес жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық үшін мүлiкті тәркiлеу және бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деді СҚО ПД ҰҚҚКБ бастығының міндетін атқарушы Рахат Нұрахметов.