Қызылшаға қарсы екпеден бас тартқан павлодардықтар ауру жұқтырып жатыр
900-ге жуық тұрғын екпе алуға қарсы болған
Биыл жазда балалар арасында қызылша ауруын жұқтыру дерегі жиіледі. Бұл туралы Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев айтты, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Оның айуынша, биыл наурызда 26, ал маусым мен тамыз аралығында 17 бала қызылшаға шалдыққан.
Қызылша – өте жұқпалы ауру. Екпе алмағандар инфекцияны науқастан тез жұқтырып алады әрі басқаларға да таратады. Қызылшаны жұқтырған 26 науқастың төртеуі – бала. Олар бір отбасынан шыққан және екпеден бас тартқан, - деді Батырбек Әлиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Басқарма басшысы өңірде 860 адамның қызылшаға қарсы екпеден бас тартқанын жеткізді. Оның ішінде ата-анасының бас тартуына байланысты 200-ден аса бала екпе алмаған.
Дәрігерлер адам екпеден бас тартса, қызылшадан асқыну болуы мүмкін екенін ескертті.
Тіпті, адам өліп кетуі мүмкін. Қызылшадан кейін құрысу, мидың ісінуі, пневмония ауруы пайда болуы ықтимал. Сондықтан біз БАҚ арқылы түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз, - деді Батырбек Әлиев.
Бүгінде облыста 3 мыңнан аса бала қызылшаға қарсы екпе алған. Айта кетейік, вакцинаны тұрғылықты жері бойынша емханадан алуға болады. Бұрын екпе салдырмаған 30 жасқа дейінгі адамдар үшін вакцина тегін.
Бұған дейін Қазақстанда балалар арасында қызылша ауруы тарап жатқаны хабарланған еді.