Halyq Uni логотип
×

Цемент зауытындағы бала өлімі: марқұмның анасына өтемақы берілмеген

Қайтыс болған тағы бір жұмысшының жесіріне өтемақы жартылай ғана төленген

 Ая Өміртай 25.08.2023 | 12:11
Цемент зауытындағы бала өлімі: марқұмның анасына өтемақы берілмеген
фото: Астанадағы баспасөз мәслихаты

Бүгін Қарағанды облысындағы цемент зауытында зардап шеккендер мен зауыт қызметкерлерінің туыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жәбірленушілер «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында болған трагедияның қайталануы мүмкін екендігін айтып, шағымданды.

Олар цемент зауытында заң мен экологиялық заңнама жүйелі түрде бұзылып отырғандығын, адам өліміне қатысты қылмыстық тергеуде түсінбеушілік болып жатқандығын айтып, шағымданды.

Ақтау кентінің тұрғындары ретінде олар құзыретті органдардан цемент зауытының басшылығына қатысты шара қабылдауды және жасаған әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.

Қаза тапқан цемент зауытының жұмысшысының жұбайы, Ақтау кентінде тұратын Кан Татьяна Владимировна өтемақы жартылай ғана төленгенін айтады.

Мен құзыретті органдарға цемент зауытының басшылығына қатысты шаралар қабылдауды сұрадым. Менің жұбайым Кан Сергей Иосифович осы зауытта жұмыс істеп, өндірістік жарақаттан қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғау және сараптама нәтижелері туралы ақпарат алған жоқпын. Зауыт басшылығы оның қайтыс болуына байланысты ешқандай шара қолданбады. Маған жерлеу рәсіміне өтемақының бір бөлігі ғана төленді. Ары қарай қалай өмір сүремін? Мүмкін, бүйрегімді сатуым керек шығар. Одан қалды зауыт аймағында қоршаған орта ластанған, әлеуметтік осал топтарға көмек пен өзара әрекеттесу жоқ, - деді марқұмның артында қалған жесірі.

Цемент зауытының аумағында қайтыс болған кәмелетке толмаған Илья Асановтың анасы Татьяна Асанова тергеуді қайта бастауды және зауыт басшылығы мен ИТР құрамын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететіндігін жеткізді. Зауыт басшылығы оған ұлынан айырылғаны үшін өтемақы төлемеген.

Татьяна Михайловнаның айтуынша, оның кәмелетке толмаған ұлы өндірістегі жұмыстарға, атап айтқанда «Орталық Азия Цемент» АҚ аумағында жанып жатқан бункерге түсіп, қаза тапқан.

Анасы қылмыстық істі тоқтату туралы ешқандай хабарлама немесе қаулы алмағанын және айыпталушылар рақымшылық туралы заңға бағынғанын және ұлының өлімі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын атап өтті.

Тағы бір жәбірленуші – Ақтау кентіндегі цемент зауытында өндірістік жарақаттан кейін үшінші топтағы мүгедек болған Виталий Саврей. Зауыт басшылығы мердігерлік ұйыммен келісімшартқа сілтеме жасай отырып, жауапкершіліктен бас тартқан. Алайда, Виталий Саврей зауыт аумағында жұмыс істегенін ескере отырып, өндіріс басшылығы жауапты болуы керек деп санайды. Сондай-ақ ол зауыт аймағындағы қоршаған ортаның ластануына алаңдаушылық білдірді.

Саврей Виталий бұл зауыт ауылдың және оның тұрғындарының тағдырына немқұрайлы қарайтын шетелдіктерге тиесілі деп санайды. Сондай-ақ ол ауыл басшылығы халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек пен қолдау көрсетілмейтінін мәлімдеді.

Қарағанды облысының Ақтау кентіндегі «Орталық Азия Цемент» цемент зауытының бұрынғы жұмысшысы Виталий Саврей 18 жасында кәсіпорындағы жазатайым оқиғадан бір аяғынан айырылған.

Мемлекеттік комиссияның тексерісінен соң, жұмыс берушінің жазатайым оқиғаға әкелген бұзушылықтарын анықталған.

Виталий Саврей басшылардан оған зауытта лайықты жұмыс тауып беруді өтінгенімен, оны жұмысқа алмаған. Оның айтуынша, бұрынғы басшылық тұрғын үйге, жоғары оқу орнына түсуге және жарақат үшін өтемақы төлеуге көмектесуге уәде берген, бірақ орындамаған.

«Орталық Азия Цемент» цемент зауыты Қазақстандағы ең ірі кәсіпорынның бірі, бірақ қауіпті еңбек жағдайларына байланысты зардап шеккен жұмысшылар әділ шешімге қол жеткізе алмай келеді екен.

Виталий Саврей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан және өзге де құзырлы орындардан жағдайға араласуды және зардап шеккен зауыт жұмысшылары үшін әділеттілік орнауын сұрайды. Ол мұндай оқиғалардың алдын алу және жұмысшылардың құқығын қорғау үшін тиісті шаралар қабылданады деп үміттенеді.

Зауыт басшысы Ресей азаматы болғандықтан тиісті жауапкершілікке тартылмай келеді. Ал мен мүгедек болғандықтан жұмысқа жарамсыз болып қалдым, - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама