Биыл полицейлерге жұдырық жұмсаған 19 адам түрмеде отыр
Билік өкіліне қол жұмсау жазасы ірі айыппұлдан 7 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыруды көздейді
ІІМ-де полиция қызметкеріне қарсы күш қолдану фактісі үшін қандай жаза қарастырылғаны айтылды.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысында мас ер адам үйінде жанжал шығарып, әйелі полиция шақырған. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жеткенде үй иесі өз үйінің ауласында оларға қарсылық көрсетіп, заңды талаптарға бағынбаған. Тіпті, қызметкерлердің бірін пышақпен жараламақ болған.
Жыл басынан бері билік өкіліне қарсы күш қолданудың 146 фактісі тіркеліп, 109 адам түрлі жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 19-ы бас бостандығынан айырылды. Сот шешімімен құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін 1 699 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 792 құқық бұзушы қамауға алынды.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында өз өмірлерін қауіпке тігіп, аянбай қызмет етеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды, оларға жұмыс барысында кедергі келтірмеуді сұраймыз. Бұндай әрекеттерге жол берген жағдайда қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.
Жаза ірі айыппұлдан 7 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің іс-әрекетінде заңбұзушылық болса, азаматтар шағымдануға құқылы», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев.