Қазақстандық фермерлерге 110 млрд теңге субсидия төленді

Динара Амантай

Өндірушілерден 130 мыңнан аса өтінім берілді

Фото: Halyq Uni

Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері gosagro.kz порталы арқылы субсидиялауға 131 мың 227 өтінім берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, порталға түскен 29 мың 811 өтінімді қараудан бас тартылған. 127,8 млрд теңгеге 51 мың 699 өтінім мақұлданып, «күту парағына» орналастырылды. Бұл өтінімдерді жүйе толығымен өңдеп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары қазынашылық жүйесі арқылы төлейді. Бүгінде фермерлерге шамамен 110 млрд теңге төленді.

Қолданыстағы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шарттары бойынша 47 млрд теңгеге өтінім мақұлданды, ал бүгінде оның 41,4 млрд теңгесі төленді.

Жалпы, былтыр қарыздарды ескере отырып, СБМАЖ жүйесі арқылы 184,4 млрд теңге төленді.

Пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың жаңа ұсыныстары бойынша 256,3 млрд теңгеге 12 мың 490 өтінім берілді. Ауыл шаруашылығы басқармаларымен мақұлданып, 64,7 млрд теңге сомасын құрайтын 3 014 өтінім резервке жіберілді.

Осылайша, ауыл шаруашылығы басқармаларының бірыңғай резервіне 103,5 млрд теңгеге 4 мың 936 өтінім мөлшерінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша ұсыныстар енгізілді. Ережеге сәйкес, бұл ұсыныстарға қол қаражаттың түсуіне қарай шарт жасалған соң қойылатын болады. Келісілу мен қол қою сатысында резервтен 2 мың 317 шарт бар. 1 мың 355 шартқа қол қойылды.

Айта кетейік, бүгінде СБМАЖ-ға 55 мың 389 пайдаланушы тіркелген.