«Алтын белгі» төсбелгісін алу талаптары айтарлықтай күшейтілді
Бұйрық мәтіні Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін жарияланады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау ережелеріне өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Бұйрықтың мәтіні Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін жарияланады.
Бұған дейін хабарланғандай, бұйрықта «Алтын белгі» төсбелгісін алу талаптары айтарлықтай күшейтілді. Талаптарды күшейту туралы шешім 2021 жылы мұғалімдердің тамыз кеңесінде қабылданды.
Осылайша, келесі жылдан бастап 9-сыныпты аяқтап, арнайы аттестат және 10-11 сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады.
Сондай-ақ талапкерлер НЗМ базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданып отыр. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болады.
Былтыр мектеп бітірушілер «Алтын белгі» алу бойынша рекорд жасады. Кейбіреулері ҰБТ нәтижесі бойынша төмен балл алды. Осыған байланысты үміткерлерді үздік белгісіне объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өтеді.
Биыл мектеп бітірушілер емтиханды өз мектебінде тапсырады. Сондай-ақ белгіден бас тарту туралы өтініштер жарамсыз. Талаптарға сай келетін үміткерлер белгіленген тәртіпте қорытынды аттестациядан өтеді.
Нормалар келесі жылдан бастап күшіне енгенімен, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша үздік белгісін берудің объективтілігі бағаланады, – деп жазды министр.
Осыған байланысты мектеп әкімшілігі, білім басқармалары мен бөлімдері қорытынды емтихандарының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге тиіс. Әрбір жағдай бойынша ҰБТ нәтижелерінің қорытындысына талдау жүргізіледі.