Енді бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек ғимаратта оқиды – министрлік

Дәурен Ерболат

Оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалады

фото: Halyq Uni

Қазақстанда мектептер «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бірыңғай стандарт бойынша салынады. Нәтижесінде бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек ғимаратта оқиды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, ұлттық жоба бойынша салынған мектептер бұрынғы білім ордаларынан айтарлықтай ерекшеленеді:

  • Жайлы мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандартпен салынып, пәндік кабинеттер және зертханалармен толық жабдықталады;
  • 1-4 сынып оқушылары және 5-11 сынып оқушылары үшін ғимараттар бөлек блоктардан тұрады;
  • Онда спорт залдар 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналасады. Олар оқушылардың санына сай есептеледі;
  • Әрбір мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған арнайы шеберханалар, студиялар қарастырылады. Бұл балалардың жан-жақты дамуына бағытталады.

«Еліміздің барлық өңірінде мектеп құрылысын жаппай жүргізу шамамен 2 жылда нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз жаңа форматтағы мектептер пайда болатынына сенімдіміз. Қалаларда және белсенді дамып келе жатқан перспективкасы бар елді мекендерде жобалық қуаты 300-ден 2500-ге дейін 369 мектеп салынады. Бұл 740 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Ғалымжан Молдаш.

Жаңа мектептерді іске қосу 3 тетік бойынша жүргізіледі:

  • Біріншіден, «Самұрық Қазына Констракшн» АҚ арқылы мектептердің нысаналы құрылысы;
  • Екіншіден, жеке инвесторлардан «Жайлы мектеп» талабына жауап беретін мектептерді, ғимараттарды сатып алу;
  • Үшіншіден, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектептер салу.

«Оқу-ағарту министрлігі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға қажетті барлық нормативтік базаны әзірлеп, қолданысқа енгізді. Бұл ретте мектеп салу кезінде туындайтын көптеген проблема ұлттық жобада ескерілді», - деді департамент директоры.

Сондай-ақ ол оқушылардың білім алуына барынша жағдай жасалатынын жеткізді.

Жаңа форматтағы мектептерді жаппай салу қазақстандық педагогтер мен оқушыларға, балаларды оқытуға қолайлы жағдай жасау болып саналады. Балаларымыздың заманауи талаптарға сай және бәсекеге құштар тұлға болып қалыптасуы үшін мектеп қабырғасында алған білімі мен дағдысын пайдалана білуі керек. Осы мақсатта жайлы мектептер оқушыларға функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, заманауи физика, химия және биология зертханалары, пәндік зертханалармен, IT-cыныптармен, степ және робототехника зертханасымен жабдықталады, - деді Ғалымжан Молдаш.

Ол жаңа білім ордалары сапалы интернетпен қамтамасыз етілетінін де атап өтті.

«Әр мектеп цифрлық білім беруге қолжетімді, секундына 100 мегабиттен жоғары интернет жылдамдығымен қамтамасыз етіледі. Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қалаларда интернет жылдамдығы 25 мегабиттен аспайды, ауылдарда – 8 мегабит. Әрине, бұл өте жеткіліксіз», - деп түйіндеді сөзін директор.