Сколиозға шалдыққан оқушылардың қатары 2 есе өскен

Дәурен Ерболат

Мектептерде оқушылар үшін арнайы шкафтар болады

фото: Halyq Uni

Қазақстанда оқушылар арасында сколиозға шалдығу 2 есе өскен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі қаржы және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары оқушылар арасында сколиоз ауруы 2 есе өсті. Оның себептерінің бірі – оқушылардың бойы мен жас ерекшеліктерін ескермей, партаға отырғызу. Сондықтан мектеп жиһаздары жылжымалы және оқу процесі нақты мақсаттары мен міндеттеріне бейімделуі көзделеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында жиһаздарға басты назар аударылды, - деді басшы Астанада өтіп жатқан Тамыз кеңесінде.

Оның айтуынша, балаларға ыңғайлы болуы үшін оқу құралдары ауыстырылып, киім сақтауға арналған жеке шкафтар барлық мектепте қарастырылатын болады. 

Жайлы мектептің әрбір қабатында ауыз су бұрқақтары орнатылады. Ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау үшін әрбір мектеп пандустар және көтергіштермен, санитарлық тораптармен жабдықталады. Бүгінде мектептердің бірде-бірінде лифті жоқ. Сондықтан жаңа салынатын барлық мектеп балаларға жағдай жасау үшін лифтілермен, құрылғылармен міндетті түрде жабдықталады, - деді Ғалымжан Молдаш.

Оның айтуынша, бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға 30-дан астам мемлекеттік орган мен ұйымдар жұмылдырылған.

Олардың әрқайсысының рөлі мен жауапкершілігі айқындалған. Оқу-ағарту министрлігінің рөлі – ұлттық жобаны сапалы іске асыруда әдіснамалық сүйемелдеу және бақылау.

Мектептерді сапалы салу және оларды уақытында пайдалануға беру жауапкершілігі «Самұрық-Қазына Контракшн» компаниясы мен өңірлердің әкімдіктеріне жүктелді», - деді директор.