×

Тұрғындармен жанжалдасқан ауылдық округ әкімі тек түсініктеме жазып құтылды

Ауыл тұрғындары әкімге тиесілі жердің жартысын қайтаруды талап етіп отыр

 Данияр Айтпайұлы 10.05.2022 | 10:59
коллаж: Halyq Uni

Павлодар облысының Баянауыл ауданында ауыл тұрғындарын боқтап сөйлеген ауыл әкімі түсініктеме жазып құтылды.

Ақсан селолық округінің әкімі Кенжебек Дюсенбаев пен ауыл тұрғындарының арасындағы даулы әңгіменің видеосы қолымызға түсті. Онда атқарушы билік өкілі мен ауыл азаматтарының сөзге келіп қалғанын байқауға болады. Жергілікті жұртшылық 100-ге жуық ірі қара малдың әкімнің отбасына тиесілі жерге кіріп кеткенін айтады. Салдарынан Кенжебек Дюсенбаев көрші ауылдардан учаскелік полиция инспекторларын жинап әкеліп, малдарды қамап қойған. Тіпті, айыппұл салып үлгеріпті.

Halyq Uni тілшісі даулы видеодағы ауыл тұрғындарын тауып, тілдескен болатын. Олар аты-жөнн ашып жазбауды өтінді, себебі қудалауға ұшыраймыз ба деп қорқады.

«Бұл - талайдан бері қордаланып келе жатқан күрмеулі мәселе. Ауылымызда жайылым жер жетпейді. Ресми дерек бойынша, бізде 4 мың гектар жайылымдық жер бар көрінеді. Әкіммен дау-дамайдан кейін осы жерлердің құжатын талап еттік. Сөйтсек, Қаражар ауылының аумағын, зираттты, екі көлді жайылым жерлердің санатына қосып, есеп беріп жүр екен. Шын мәнінде, мал бағуға жарайтын аумақ екі мың гектар шамасында ғана болып шықты», - дейді Қаражар ауылының тұрғындары.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, селолық округ аумағында әкім К.Дюсенбаевтың отбасына тиесілі ферма және жүздеген гектар жер бар екен. Дауға себеп болған сол жерлерге тұрғындардың малы түсіп кеткен. Әкімнің ызасын тудырған да осы мәселе екен.  

Ауыл тұрғындары көктемде барлық мал табынға қосылмайтынын мойындап отыр. Биыл қыстан әзер шыққан ірі қара саны көп болған. Олар табынға ілесе алмайтындықтан, жұртшылық ауыл маңына бағуға мәжбүр екен. Табынға қосқан әр сиырдың басына 1300 теңгеден төлейді.

Ал Ақсан ауылында бақташы жоқ. Жергілікті жұртшылық бұл мәселені өз күшімен шеше алмай, әкімнен көмек сұраған. Ол да бақташы таба алмаған.

«Бақташы болса біз де малымызды табынға қосып, ақшасын тұрақты төлеп отыруға дайынбыз. Ал әзірге ірі қараны ауыл маңына бағуға мәжбүрміз. Осы жолы таңертең өріске жіберген малдар ауыл әкімінің отбасының меншігіндегі жерге кіріп кеткен. Мұны естіген әкім көрші ауылдардың учаскелік полиция инспекторларын жинап әкеліп, Қаражар мен Ақсан тұрғындарының 100-жуық ірі қарасын қамап тастаған. Мұны қойшылар көрген. Онысыз да қыстан әрең шыққан малымыз таңғы жетіден кешке дейін аш тұрды. Жиналып барып, әкіммен сөйлесуге тырыстық. Соңы дауға ұласты», - дейді Ақсан ауылының тұрғыны.

Видеодан ауыл әкімі Кенжебек Дюсенбаевтың тұрғындармен дөрекі сөйлесіп, тіпті боқтағанын көруге болады. Ол малдарды жекеменшік жайылымнан емес, республикалық маңызы бар күре жолдың бойынан жинап әкелгенін айтып отыр. Жол қозғалысына қауіп төндірген соң, қамап қоюға мәжбүр болғанын алға тартуда.

Бұл мәселеге қатысты Баянауыл ауданының әкімі Серік Батырғожинов түсінік берді. Оның сөзінше, ауыл әкіміне және құқық қорғаушыларға күре жолдың бойында қараусыз жүретін малдарға қатысты көп шағым түскен. Сондықтан арнайы рейд жүріп, жол бойындағы малдар арнайы орынға қамалған. Ал Кенжебек Дюсенбаев ірі қараның иелерімен сөйлесуге тырысқан.

Әкім мен тұрғындар арасындағы дау сол кезде пайда болды. Біз ешкімді ақтамаймыз. Әрине, ауыл әкіміне басқаша сөйлесу керек еді. Одан түсініктеме алынды. Этика мәселесі бойынша шара қолдану-қолданбау мәселесі қаралады, - деді аудан басшысы С.Батырғожинов.

Ал Қаражар мен Ақсан ауылының тұрғындары жергілікті әкім Кенжебек Дюсенбаевтың иелігіндегі жердің жартысын ауылға қайтаруды талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама