«Алтын орда» базарында кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқандар анықталды
Кейбірі тауарды әдейі арзанға сатқан
«Алтын орда» базарында заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Биыл маусымда Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-інде тексеріс жүргізді. Нәтижесінде компания 2022 жылғы 4 тоқсанда 530,4 млн теңгенің кірісін көрсетіп, қосымша салық есептілігін тапсырды. Қосымша есептелген қосылған құн салығы – 63,6 млн теңге, корпоративті табыс салығы – 106,0 млн теңге. Өсімпұлды есептемегенде, хронометраждық тексеру нәтижесі бойынша бюджетке барлығы 169,6 млн теңге түсті.
Тексеру барысында «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-інде бақылау-касса машиналарын қолданбай, ақшалай есеп айырысуды іске асырудың қосымша нүктелері анықталды (базарға кіру (қақпа) және бухгалтерия). Тексеру нәтижелері бойынша қосымша 4 бақылау-касса машинасы тіркелді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осылайша, «Алтын Орда» сауда базарында жеке кәсіпкерлер ретінде 742 салық төлеуші және осынша бақылау-касса машинасы ерікті түрде тіркелді.
Бұдан бөлек, Алматы облысы бойынша ПД-мен бірлесіп, «Алтын орда» базарында кәсіпкерлік қызметті тіркемей, заңсыз жүргізгендерді анықтау үшін рейд жүргізілді. Оның барысында 12 жеке тұлға анықталды. Материалдары сотқа жолданды.
Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері 3 салық төлеушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты:
- 1 салық төлеуші кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жіберусіз әрекеттерді іске асырғаны үшін;
- Тауардың бағасын төмен көрсетіп, тауарды «Алтын орда» базарында сатқан 2 адам.