Жеті сараптама тағайындалды, қазірге дейін жеті кіші комиссия құрылды
«Қазақстан» шахтасындағы апатты тергеуге халықаралық сарапшылар тартылды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігі хабарлады.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатты тергеу үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Оларды қазақстандық және халықаралық ұйымдар жүргізеді, - делінген ақпаратта.
Төтенше жағдайлар министрлігі – комиссия төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың айтуынша, қазірге дейін жеті кіші комиссия құрылды.
Әртүрлі жүйенің жұмысы, оның ішінде позициялау, апатты жою жоспарын жасау, конвейерлер мен тау-кен қазбаларының техникалық жай-күйінің жобалау-техникалық және нормативтік құжаттама талаптарына сәйкестігі зерттеледі. Міндет – өрттің пайда болу және даму себептерін анықтау, - деді ол.
Танабаевтың айтуынша, жеті сараптама тағайындалды. Нәтижесінде «Горняк» оқшаулағыш өзін-өзі құтқарушыларының жұмысы, кеніш атмосферасын бақылаудың автоматты жүйесі, өрт-техникалық және өрт шыққан конвейердің таспа төсемі бойынша қорытынды алу қажет.
Қазақстандық сарапшылар жақын арада жұмысқа кіріседі. Сондай-ақ Ресей мен Германиядан мамандар келеді.
Дей тұрғанмен қазіргі міндет – өртті сөндіру. Алайда бұған қанша уақыт кететінін әлі белгісіз. Қазір бес бөлім жұмыс істеп тұр. Жағдай күрделі, адамдар жүре алатын жерде шамамен 65 градус ыстық.
Қазірге дейін шахтаның 600-ден астам қызметкері Көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды. Қалғандары шахтаның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен айналысып жатыр және әскери құтқарушыларға қажетті көмек көрсетеді.
Айта кетейік, 2023 жылдың 17 тамызы сағат 10:00-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Шахтада барлығы 227 адам болған. Сол күні шахтадан 222 адам жер бетіне шығарылды, қалған 5 кеншіні іздеу жұмыстары жүргізілді. Содан кейін олардың мәйіті табылды.
Бұл жағдайдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсететінін айтып, бұл жағдай олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал ететінін жеткізді.