«Орынбасарыңыздан сұраңыз»: Қазақстанның бұрынғы бас санитары Байғабыловқа қатысты сотта жауап берді
Астанада Сәдуақас Байғабылов пен Асхат Манкеевке қатысты сот процесі өтіп жатыр
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық сараптама орталығы төрағасының бұрынғы орынбасары Сәдуақас Байғабылов пен Жетісу облысындағы Ұлттық сараптама орталығының директоры болған Асхат Манкеевке қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сәдуақас Байғабыловқа қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (ірі мөлшердегі алаяқтық), Асхат Манкеевке 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 367-бабы 2-бөлігі (пара беру) бойынша айып тағылған.
Бұған дейін Асхат Манкеевтің үстінен арызды бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі және елдің бас санитар дәрігері болған Ерлан Қиясов жазғаны белгілі болды. Қиясов қазір денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарады.
Асхат Манкеевтің әкесі Қиясов Ұлттық сараптама орталығына басшы болып келген сәттен бастап Манкеевті қудалағанын айтқан еді. Айтуынша, күдікті Асхат Манкеев пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясовтың арасында жанжал болған.
Ерлан Қиясов екеуі егесіп қалған. Қиясов 2022 жылдың қазанында өзіне Асхат Манкеевтің пара бермек болғанын айтып отыр. Алайда арызды 2023 жылдың қаңтарында жазған. Сол арыз бойынша тергеуге алып, Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары ұлымды бұрын екі рет сотталды деп көрсеткен, - деген Манкеевтің әкесі Мұрат Кәдірбекұлы.
Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Асхат Манкеев қызмет бойынша ауысу мақсатымен өзінің басшысы Сәдуақас Байғабыловқа ақша бергені анықталғанын хабарлады.
2023 жылдың 22 тамызында өткен сот отырысына Ерлан Қиясов куәгер ретінде қатысты. Ол қылмыстық іс бойынша айыпталушылармен қызмет бабы бойынша таныс екенін айтты.
Биыл 3 ақпанда Асхат Манкеевпен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында 5 мың доллар туралы айтты. Содан кейін қандай ақша және қандай жағдай туралы айтып жатқанын нақтыладым. Ол «өз орынбасарыңыздан сұраңыз» деп жауап берді. Сол әңгімеден кейін өзімнің орынбасарым Сәдуақас Байғабыловты шақырып, Манкеевтің не туралы айтқанын сұрадым. Ол хабары жоқ екенін, ақша алмағанын айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңға сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, яғни басшылыққа хабар беруім керек екенін жеткіздім. Комитет төрағасымен сөйлескеннен кейін жауапты органға жүгіну туралы шешім қабылданды, - деді Қиясов.
Қиясов өзінің үш орынбасары бар екенін нақтылады. Айтуынша, Манкеев телефон арқылы сөйлескен кезде Сәдуақас Байғабыловтың атын атаған. Қиясов 4 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арызданған.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев куәгер Қиясовтан «сол әңгімеден кейін Манкеевпен кездестіңіз бе?» деп сұрады. Қиясов Манкеевпен кездескенін айтты.
Ол (Манкеев – айыпталушы) мәселені шешу үшін сома айтылғанын, ол соманы менің атымнан айтылғанын жеткізді, алайда менің хабарым болмады. Кімге қанша бергенін нақтылғанымда, ақшаны Kaspi арқылы қайтарғанын айтты. Ақшаны кімнің қайтарғанын айтпады, - деді Қиясов.
Айтуынша, бір қызметтен басқа лауазымға ауысу конкурс арқылы жүргізіледі. Қиясов Байғабыловқа Манкеевті Жетісу облысынан Алматы облысына ауыстыруға уәде бермегенін нақтылады.
Манкеевтің адвокаты Динара Жұбатова Қиясовтан «Манкеевпен телефон арқылы сөйлескеннен кейін бір облыстан басқа облысқа ауыстыруға байланысты қандай да бір сыйақы ұсынғандар болды ма?» деп сұрады. Қиясов мұндай ұсыныстың болмағанын айтты.