Halyq Uni логотип
×

«Бірнеше жылға созылған, сапасы нашар»: Астанада «Сенатор Park» ТК-нің салымшылары наразылыққа шықты

Компания 5 жылға созылған құрылысты бір аптада бітіретінін айтады

 Ербол Тұрымбет 22.08.2023 | 14:09

Астанада «Сенатор Park» тұрғын үй кешеніне ақша салған жұрт көшені жаппақ болды. Ашулы топ компания басшысы және әкімдік өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, нәтиже шығара алмаған. 2019 жылы басталған үй құрылысы бастапқы жоспар бойынша алды 2021 жылы, ал 2022 жылдың тамызында толық бітуі керек еді.

Құрылысқа жауапты «Өркен» тұрғын үй құрылысы кооперативі басшысы Болат Омаровтың айтуынша, соңғы қалған екі блоктың бірі тамыздың соңына дейін бітеді. Екіншісі қыркүйектің аяғында дайын болады. Бірақ мұндай уәделерге әбден тойған салымшылар оған сенгісі жоқ.

Гүлнар Жүнісова осы үйге шаршы метріне 340 мың теңгеден салған. Енді ол 5 жылда бітпеген құрылыс бір аптада аяқталады дегенге сенбейді. Оның үстіне, бітіп тұрған бөліктерінің өзінде құрылыс сапасы нашар шыққан.

Ақша құйғандардың бірі Ерік Егебаев та үш бөлмелі пәтерін күтіп жүргеніне үшінші жылдан асқан. Сол үшін бұрынғы баспанасын сатып жіберген. Қазір 180-200 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Студент балаларының оқу ақысы мен тұрмыстағы қымбатшылық қысып жатқанда пәтер ақысы қосымша ауыртпалық салып отырғанын айтады.

«Өркен» ТҚК басшысы Болат Омаровтың айтуынша, құрылыс 2019 жылы басталған. Бірақ пандемия салдарынан бәсеңдеп, құны қымбаттаған. Уақытылы бітірмегені үшін қалалық басқарма мердігерге айыппұл салған. Қазір наразы жұртты қажетті қаражатты тауып, құрылысты дереу бітіріп беретініне сендіріп отыр. Әйтсе де ұйым басшысы бұл наразылықты біреулер әдейі ұйымдастырды деп санайды. Себебі мұндай дүрбелең шығаратын жөні жоқ. Сондықтан кей мүдделі тұлғалар үшін әлеуметтік жағдайды ушықтыру керек болды деген ойда.

Айта кетейік, бітпей қалған «А» және «Б» блоктарында шамамен 300 пәтер бар. Бір қызығы, құрылыс паспортында Granit ЖШС екені көрсетілген. Компания 2021 жылы 13,6 млрд, 2022 жылы 6,3 млрд, биылғы жарты жылда 116 млн теңге тапқан. Ал Granit ЖШС басшысы Темір Омаров құрылысқа жауапты «Өркен» ТҚК басшысы Болат Омаровтың туған бауыры. Болат Омаровтың өзі Amanat партиясының елордалық филиалында экономиканы қолдау және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесті басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама