Кей облыстар жылу желілерін жаңартуға бөлінген қаржыны игере алмай отыр
Әзірге жоспарланған жұмыстың 55%-ы орындалған
Бүгінде кей өңірлер жылу желілерін жаңартуға бөлінген қаржыны игере алмай отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, биыл 133 шақырым жылу желілерін жаңартуға республикалық бюджеттен 109 млрд 500 млн теңге бөлінген.
Бүгінде жоспарланған жұмыстың 55%-ы орындалып, 73 шақырым жылу желілері салынған.
Бірқатар өңірде жұмыс қарқынының төмен екендігі байқалатын проблемалық учаскелер бар. Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша 2 жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде бір жоба бойынша 100 метр желі тартылды, екінші жоба бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Абай облысы бойынша жылу желілерін қайта жаңарту үшін 9 жобаны іске асыруға 19,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінде желінің 40%-ы салынды (жоспар – 24 шақырым, нақты салынғаны – 9,7 шақырым). 4 жоба бойынша жұмыстар тек 30%-ға орындалды, - деді Ілияс Оспанов.
ИИДМ өкілінің айтуынша, уәкілетті органдардың шешімімен Қызылорда облысындағы (591 млн теңге) және Шымкент қаласындағы (754 млн теңге) 2 жобаны іске асыру процесі тоқтатылған. Жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ.