Мектепте хиджаб кию: Оқу-ағарту министрі мәселеге нүкте қойды

Дәурен Ерболат

Министр мектеп формасына қатысты 2016 жылы шыққан бұйрық өзгермегенін айтты

Ғани Бейсембаев, фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстан мектептерінде оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берілді деген ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысынан шыққан министрге журналистер «Қазір әлеуметтік желіде (Оқу ағарту министрлігі) мектепте хиджаб киюге рұқсат берді деп ақпарат тарап жатыр. Енді мектепке хиджаб киіп келуге бола ма?» деп сұрақ қойды.

Ғани Бейсембаев нақты жауап беруге тырысты.

Конституция бойынша Қазақстан зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың (мектептегі) формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек, - деді министр.

БАҚ өкілдері «Демек оқушыға мектепке хиджаб киіп келуге болмайды ғой?» деп сауалды нақтылады.

«Бұйрық бойынша (оқушы) мектепке формамен келу керек. Мектепке келудегі мақсат – баланың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы. Енді көтеріп отырған мәселе (мектепте оқушылардың хиджаб киіп келуі) мұны шеше ала ма? Біріншіден, негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала (мектепте) сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуге міндетті. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауға міндеттіміз», - деді Ғани Бейсембаев.