Halyq Uni логотип
×

Боранбаев ісі: сотталушылар тергеумен процестік келісім жасауға өтініш білдірді

Бұған дейін қазақстандық кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айырылды

 Айгерім Таубай 22.08.2023 | 11:22
Боранбаев ісі: сотталушылар тергеумен процестік келісім жасауға өтініш білдірді
фото: сот залынан / Айгерім Таубай

Астананың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады, деп хабарлайды Halyq Uni.

2023 жылдың 22 тамызында өткен сот отырысында Боранбаевтың адвокаты Данияр Қанафин мемлекеттік айыптаушымен процестік келісімге келу туралы өтінішхат жолдады. 

Сотталушылар мен олардың адвокаттары тергеу органдарымен процестік келісімге келу туралы өтінішхатты қолдады. Сотталушы Тайыр Жанұзақтың адвокаты процестік келісімге келу туралы өтінішхатты қолдайтыны айтып, сот алқасынан Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заңды назарға алуды сұрады. 

Судья Қайрат Боранбаевтан «кінәңізді мойындайсыз ба?» деп сұрады. Боранбаев «процестік келісім бойынша, иә» деп жауап берді.

Істі судья Айсұлу Сламбеков, Нұрлан Баяхметов, Айбек Әмірғалиев қарап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды.

Содан кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.

ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ

Дариға Назарбаеваның бұынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа қатысты басты сот талқылауы 2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада басталды. Тергеу мәліметіне сәйкес, Қайрат Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген. Компания АҚ-мен 2 млн 26 мың 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

«Жанұзақ жағдай жасап, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-дан «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы шотына газ жеткізгені үшін қосымша құн салығын қосқанда 141 681 676 272 теңге аударылған. «QazaqGaz» ҰК» АҚ көрсетілген көлемдегі тауарды тікелей «Газпром-экспорт» арқылы 1000 текше метрі үшін 145 АҚШ доллары бағасына 127 116 358 270 теңгеге алады. Осылайша Жанұзақ Серді, Боранбаев және Наханов 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотталушылар тауарды арзанға алуға болатынына қарамастан, «АзияГазЧунджа» ЖШС арқылы қымбатқа сатып алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама