«Қазақстан» шахтасындағы өрт әлі сөндірілген жоқ – ТЖМ
Шахтадағы апаттан 5 кенші қаза тапты
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі «Қазақстан» шахтасындағы өрттің әлі сөндірілмегенін, жағдай әлі реттелмегенін хабарлады.
Қазір өрттің таралуына жол бермеу үшін шаралар қабылданып жатыр. Гипспен көпірлер салу арқылы апатты учаскедегі өртті сөндіру туралы шешім қабылданған.
Көпірлер салынатын орын анықталып, бүгінде тиісті материалдарды жеткізу басталды.
Еске салайық, 17 тамыз сағат 10:00-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды.
Шахтадан 222 адам шығарылды, алты адам ауруханаға жатқызылды. Өрт шыққан күні шахтадан 2 адамның, кейіннен 3 адамның мәйіті табылды.
Өрт шыққан 170 метр тереңдіктегі шахтада 227 адам болған. Сол күні 222 кенші жер бетіне шығарылды.
Шахтада қаза тапқан 5 кеншінің аты-жөні:
- Стешин Денис Геннадьевич, 1978 ж.т., 4 разрядты жерасты үңгушісі, еңбек өтілі 21 жыл;
- Халиков Артур Ринатович, 1994 ж.т., 4 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 10 жыл;
- Бургун Виктор Сергеевич, 1966 ж.т., 5 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
- Слюньков Виталий Владимирович, 1965 ж.т., 5 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 39 жыл;
- Старовойт Илья Александрович, 1996 ж.т., 3 разрядты жерасты электршебері, еңбек өтілі 4 жыл.
Бұған дейін ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов «Қазақстан» шахтасындағы өрттен қаза тапқан кеншілердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты.
«Бұл мекемеде ұжымдық шарт бар. Жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында 2022-2024 жылдарға құрылған. Сол ұжымдық еңбек шарты аясында қаза тапқан азаматтардың отбасына бірқатар жағдай көрсетіледі. Атап айтсақ, 10 жылдық жалақысын төлеп беру, пәтер алып беру, балаларының оқуға түсуіне жағдай жасау сияқты бірқатар әлеуметтік көмек бар», - деді ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.