Қонаевта 39 жастағы ер адамның мәйіті табылды
Дәрігерлер алдын ала «мойыны сынған» деген диагноз қойды
Қонаевта 39 жастағы ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 20.55-те Қонаев қаласының «Рауан» шағын ауданында «Boot Station» демалыс аймағының жанында жедел-құтқару жасағының күштері 1984 жылы туған ер адамның денесін тауып, судан шығарған.
Ер адам шамамен 20:05-те толқын басқыдан (толқын басқы – ағындардан, толқындардан және дауылдан қорғауға арналған жағалаудағы аймақта салынған тұрақты құрылыс) суға секіру кезінде қайтыс болды. Дәрігерлер алдын ала «мойыны сынған» деген диагноз қойды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды, – делінген ТЖД хабарламасында.
Сонымен қатар, онымен бірге болған 3 адамға ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 36 мың 225 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды.
Оқиға орнына ТЖД жедел-құтқару жасағының 6 құтқарушысы мен 2 жүзу құралы жұмылдырылды.
Алматы облысының ТЖД азаматтардан судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауын сұрайды.