77 млрд теңге бөлінген: Астанада үш ауысымда жұмыс істейтін сегіз мектеп бар

Ая Өміртай

Қаладағы 101 мектептің 35-і ғана таза қазақ тілінде оқытады

Фото: Halyq Uni

Астанада биыл қала бойынша 8 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала әкімдігі жолдаған ресми жауапта мектептердің үш ауысымда жұмыс істеуін қаладағы халық санының көбеюімен байланыстырған.

Демографиялық және көші-қон процестері есебінен оқушылар контингентінің жыл сайынғы өсуіне байланысты бүгінде қала бойынша 8 мектеп үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. 2025 жылға дейін оқушылардың орын тапшылығы мәселелерін шешуге арналған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында елордада 44 400 орындық 24 мектеп салу жоспарланған, – делінген ресми жауапта.

Атап айтқанда, қазір №27 мектеп-лицейі, № 37 орта мектебі, № 53 мектеп-лицейі, № 59 мектеп-лицейі, № 79 мектеп-лицейі, № 83 мектеп-гимназиясы, № 85 мектеп-лицейі, № 89 мектеп-лицейі үш ауысымда оқытады.

Әкімдіктің хабарлауынша, мектеп мәселесін шешуге 76,9 млрд теңге қарастырылған.

2023 жылы екі ауысымда 16 600 орындық 11 мектеп (5 мектеп, 6 жапсаржай) құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 21,9 млрд теңгеге 10 мектептің құрылысы қаржыландырылады, – дейді Астана әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Білім басқармасына қарасты Астанада жалпы білім беретін 101 мемлекеттік мектеп бар, соның ішінде 35 қазақ мектеп, 3 орыс және 63 аралас мектеп бар. 

Қазір елордадағы 7 мектепте келісім шарт бойынша күрделі жөндеу жұмыстары барлық білім нысандырында кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Әкімдік берген мәліметке сәйкес, оқу процестері аяқталғаннан кейін мамыр айының соңында басталған жөндеу жұмыстары 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.