Halyq Uni логотип
×

Теріс қылық жасаған 36 адам мемлекеттік қызметтен босатылды

Сондай-ақ 23 адам арнайы есепке қойылды

 Динара Амантай 19.08.2023 | 17:01
Теріс қылық жасаған 36 адам мемлекеттік қызметтен босатылды
Фото: Ақтөбе обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің дерегіне сәйкес, 2023 жылдың 7 айында мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған 36 адам мемлекеттік қызметтен босатылып, 23 адам арнайы есепке қойылды.

Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттің тұлғасы екенін атап өтті. Олардың ҚР заңнамасының талаптарын бұзуына жол берілмейді. Осыған байланысты заңбұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу жұмыстары қатаң бақылауда болады.

Сондай-ақ, жер учаскелерін беру кезінде заңдылықты сақтау және тұрғын үй қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Қазір Ақтөбеде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 145 мың 556 адам болып отыр. Автоматтандыру аясында кезекте тұрғандардың бірыңғай тізімі жасалған, ол egov.kz электрондық порталында жарияланды. Осының арқасында кезекте тұрғандар кезек қозғалысын онлайн режимінде бақылай алады, – деп атап өтті қала әкімі Азамат Бекет.

Сондай-ақ, азаматтар 5 минут ішінде онлайн режимінде кезекке тұра алады. Осылайша, ашық әрі жылдам қызмет көрсетіледі. Бұрын жер учаскесін алуға өтініш 12 күнге созылып, қаралып, қағаз түрінде қабылданған.

Ақтөбе әкімінің айтуынша, былтыр ЖТҚ үшін 314 жер учаскесі берілген. Бүгінде инженерлік желілердің болмауына байланысты кезекте тұрғандарға жер учаскелерін беру тоқтатылды. Тұрғын үй қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қазіргі уақытта тұрғын үй кезегіне қою, тұрғын үй мәселелері бойынша ақпарат алу, «Отбасы банкі» арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, тұрғын үй сертификаттарын пайдалану, азаматтарға кезек тәртібімен тұрғын үй беру, тұрғын үйді жекешелендіру функциялары толық автоматтандырылған.

Бұдан өзге, осы салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жыл сайынғы іс-шаралар өткізіледі. Қазір мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспаналарға 27,6 мыңнан астам азамат мұқтаж. Биылдың соңына дейін кезектілік тізімі бойынша 559 пәтер беру жоспарланып отыр.

Биыл біздің алдымызда 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша үлкен міндет тұр. Тұрғын үй құрылысы объектілерін уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету маңызды. Әлеуметтік тұрғын үй кезекте тұрғандар арасында барынша ашық бөлінуі тиіс,– деді Ералы Тоғжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама