Ақмола облысында белгілінбеген жерден өткен жасөспірімді көлік қағып кетті (ВИДЕО)
Сотқа дейінгі іс жүргізу басталды
Ақмола облысының тұрғыны белгіленбеген жерден өткен жеткіншекті қағып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 16 тамызда 11:04-те Көкшетау қаласы полиция басқармасы ЖБО-ның қырағы инспекторлары бейнебақылау камерасы арқылы Пушкин көшесіндегі №6 үйге қарама-қарсы Бамбино дүкенінің жанында кәмелетке толмаған баланы автокөлік қағып кеткенін байқаған. Олар бұл ақпаратты дереу осы ауданды күзететін полицейлерге берген.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары СҚО-ның 32 жастағы тұрғыны Toyota Land Cruiser көлігімен жолда белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді қағып кеткенін анықтаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеткіншек жергілікті облыстық балалар ауруханасына «Оң жақ бұғанасының жабық сынуы, аяқ жіліншігінің орнынан қозғалуымен ашық сынуы» диагнозымен жеткізілді, – делінген хабарлада.
Осы фактіге қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.