Сотқа дейінгі іс жүргізу басталды
Ақмолалық тұрғынның атынан немересі 2 млн теңге онлайн несие рәсімдеген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 16 тамызда Атбасар аудандық ПБ-ға әйел адамнан белгісіз біреулер оған 2 млн теңгеден аса несие рәсімдегені туралы арыз түскен. Жәбірленушіге өтелмеген қарызы туралы хабарлама келген, содан кейін ол бірден банкке барған. Мамандар ақпаратты растап, несие сомасы 2 млн 118 мың теңге болатынын айтқан. Әйел барлық жағдайларды анықтау үшін полицияға арыз қалдырған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында онлайн-несиенің жәбірленушінің телефонынан рәсімделгені анықталды. Оның телефонынан несиені бала кезінен қолында өскен немересінің алғаны белгілі болды.
Сол күні аталған ауданда дәл осындай факт тіркелген. 38 жастағы ер адам өгей шешесінің атынан 36 мың теңге несие рәсімдеген. 65 жастағы өгей шешесі мерзімі өткен қарыз туралы микронесиелік ұйымнан білген.
Екі дерекке де қатысты Атбасар аудандық полиция бөлімінің құқық қорғау органдары ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады. Полицейлер зардап шеккендердің туыстарының қатысуын тексеріп жатыр, – делінген полиция хабарламасында.