×

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылында ұялы байланыс пен интернет жоқ

Қазір ол ауылдың орта мектебінде 50-ден аса оқушы ғана қалған

 Еркеғали Болатұлы 08.05.2022 | 11:15
фото: bilim-all.kz

Қостанай облысының Үштоғай ауылында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен аттас 12 жастағы бала тұрады. Кеше «Астана» телеарнасы сол ауылда әлі күнге дейін ұялы байланыс пен интернет жоқ екенін хабарлады.

Сонымен, өркениеттен мақұрым ауылдағы мектепте оқитын мемлекет басшысымен аттас азаматтың есімін әпкесі таңдаған екен.

«Менің арманым – Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу. Кездессем, міндетті түрде біздің ауылға ұялы байланыс пен интернет жүргізуін сұраймын», – дейді кішкентай Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір Үштоғай ауылының орта мектебінде 50-ден аса оқушы ғана қалған. Мұғалімдері ұялы байланыс пен интернет болса, сол бессандырақ баланы оқыту ісі мүлдем басқа деңгейде өтетініне сенімді. Әзірге мектеп оқушылары да, мұғалімдер де заманауи қосымшалар мен жетістіктерге қол жеткізе алмай отыр. Тек кітап-дәптермен отыратын кеңестік жүйені қайталауға мәжбүр.

Бұл мәселені шешу үшін байланыс жүйелерін жүргізумен айналысатын құзыретті органдарға жүгіндік. Жыл аяғына дейін нәтиже болады деп үміттенеміз, – дейді Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов.

Оның айтуынша, Үштоғай және Степняк ауылдарына мұнара күзге қарай орнатылмақ. Сонда ұялы байланыс мәселесі шамамен алдағы 3-4 айда толығымен шешілуі тиіс. Ал сол маңдағы қалған елді мекендерде ұялы байланыс пен интернет келесі жылы қолжетімді болатын көрінеді. Бұған дейін 2020-2021 жылдардағы төтенше жағдай кезінде балаларды қашықтан оқытудың қандай дәрежеде болғаны айтпаса да түсінікті...

Қасым-Жомарт Тоқаев демекші, биыл Ұлттық статистика бюросы елімізде Казахстан, Қазақстан және Казакстан есімді 35 адам бар екенін мәлімдеген еді. Оның 9-ы Ақмола облысында, 8-і Қарағанды облысында, 5-еуі Нұр-Сұлтанда, 3-еуі Қостанай облысында десек, Шымкент қаласы мен Алматы, Маңғыстау облыстарында 2 адамнан тұрады. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында – 1 адамнан. Сондай-ақ Егемен есімді 6 адам бар. Олар Алматы қаласында, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында 1 адамнан тұрады. Тәуелсіздік есімді бір адам бар, ол – Қарағанды облысының тұрғыны.

Елбасы есімді – 65, ал Қасым-Жомарт есімді 2 адам бар. Екеуі де Тоқаев. Біреуі үнемі Twitter-де отырса, екіншісі интернеттің не екенін білмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама