Былтыр шахтада 168 заңбұзушылық анықталған
2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында «Қазақстан» шахтасында тексеру жүргізіліп, 168 заңбұзушылық анықталған. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Қазақстан» шахтасындағы соңғы тексеріс былтыр қараша-желтоқсан айларында Кәсіпкерлік кодексінің аясында жүргізілді. Шахтада 168 бұзушылық анықталды. Заңды тұлға айыппұл ретінде әкімшілік жауапқа тартылды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар үшін талап арыз материалдары үш нысанды тоқтата тұру үшін экономикалық сотқа берілді. Қазір соттың ұйғарымымен бұлар қайта тексерілді. Бұзушылықтың кейбірі ішінара орындалды, кейбірі орындалмады. Сот шешімімен бұзушылық толығымен жойылғанға дейін бұл объектілердің қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», - деді Кеңгірбай Есенеев.
Сондай-ақ комитет өкілі апат болған шахтада тексеру жүргізілгенін атап өтті.
Апат болған жерде тексеру жүргізілді. Бұзушылықтар болды. Бірақ адамдардың өміріне қауіп төндіретін бұзушылық емес. Нақты айтсақ, талап арызда техникалық кешеннің материалдары және адамдарға арналған көтергіш қондырғыларға қатысты болды, - деп толықтырды Кеңгірбай Есенеев.
Биыл «Қазақстан» шахтасында тексеріс болып, бірқатар заңбұзышылық анықталған.
«Биыл шілде айында мемлекеттік органдардан «Қазақстан» мен «Тентек» шахтасындағы газ дренажды ұңғымаларын бұрғылау фактілер бойынша шағым түсті. Осыған байланысты биыл 31 шілдеден 11 тамызға дейін тексеру жүргіздік. Газ дренажды ұңғымаларын бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде шамамен 40-қа жуық бұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша талап арыз материалдары сотқа жіберілді. Қазір материалдар газдренажды ұңғымаларын бұрғылауды тоқтату үшін экономикалық сотта қаралып жатыр», - деп қосты Кеңгірбай Есенеев.