Halyq Uni логотип
×

«Қазақстан» шахтасындағы апат: екінші кеншінің мәйіті табылды

Кеншінің мәйітін жер бетіне эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр

 Халық үні 18.08.2023 | 09:29
«Қазақстан» шахтасындағы апат: екінші кеншінің мәйіті табылды
фото @ Павел Лисицын

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында тағы бір кеншінің мәйіті табылды.

17 тамызда шыққан өрттен кейін шахтада болған 227 адамның 222-сі жер бетіне шығарылды. Бір адамның мәйіті табылғаны хабарланды.

18 маусымда «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды облыстық филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский түні бойы төрт бөлімше күшімен кеншілерді іздеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Өртті сөндіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Іс-шара кезінде тау-кен құтқару бөлімшелері екінші зардап шегушіні анықтады. Өкінішке қарай ол қайтыс болған. Қазір оның мәйітін жер бетіне эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Геннадий Силинский.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 17 тамызда Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға 9 шахтер жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінен токсикология бөліміне ауыстырылды. Жағдайы ауырлау. Қалған 7 адам токсикология бөлімінде жатыр. Жағдайы бірқалыпты.

Шахтинск қаласының орталық ауруханасының терапевт бөлімшесіне зардап шеккен 4 адам келіп түсті, олардың біреуі ауруханаға жатқызудан бас тартты, ол амбулаториялық емдеуге жіберілді. 18 тамыздағы жағдай бойынша аймақтың медициналық мекемелерінде зардап шеккен 13 кенші бар.

«ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ

2023 жылдың 17 тамызы сағат 10:00-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Шахтада барлығы 227 адам болған. Сол күні шахтадан 222 адам жер бетіне шығарылды, қалған 5 кеншіні іздеу жұмыстары жүргізілді.

Шахтерлерді іздеу барысында 17 тамызда бір кеншінің мәйіті табылды. «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында болған өрт салдарынан электрик Виталий Владимирович Слюнков қайтыс болған. 57 жастағы марқұмның еңбек өтілі – 39 жыл.

Бұл жағдайдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсететінін айтып, бұл жағдай олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал ететінін жеткізді.

18 тамызда тағы бір кеншінің мәйіті табылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама