Halyq Uni логотип
×

«Көкпар» федерациясының құрметті президенті таныстырылды

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров федерация президенті болды

 Халық үні 17.08.2023 | 19:32
«Көкпар» федерациясының құрметті президенті таныстырылды
Фото: Halyq Uni

Астанада республикалық «Көкпар» федерациясының кезектен тыс отырысы өтті. Отырысқа ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, республикалық «Көкпар» федерациясының президенті Бауыржан Исабаев және еліміздің барлық өңірлеріндегі «Көкпар» федерациясының өкілдері қатысты.

Жиында республикалық «Көкпар» федерациясының құрметті президенті таныстырылды. Федерацияның құрметті президенті болып танымал кәсіпкер, қоғам қайраткері, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров сайланды.

Отырыста сөз алған республикалық «Көкпар» федерациясының президенті Бауыржан Исабаев көкпар спортының қоғамдағы маңыздылығын айтып, алда жоспарланған жұмыстарымен бөлісті.

Көкпар – ол тек қана спорт ретінде адамның физикалық болмысын шынықтырып қана қоймайды, сонымен қатар, ол – қазақ халқының руханиятымен, салт-дәстүрімен біте қайнасқан спорт түрі. Осы ретте Айдарбек Асанұлының көкпар спортына қосатын үлесі зор деп білемін. Алдағы уақытта көкпар спортын еліміздің барлық облыстарында және халықаралық ареналарда жоғары деңгейде дамытып көтеретініне шүбә келтірмеймін.

Көкпар спортында әлі күнге дейін қордаланған мәселелер өте көп. Көкпар ережесін қайта қарастырып, толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша да атқарар шаруалар жетерлік. Біз соларды қолға алып, Ұлттық спорт Қауымдастығымен жұмыла жұмыс атқаратын боламыз. Баршамыздың алдымызда үлкен бір мақсат тұр. Ол –  келер жылы елімізде өтетін бесінші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын жоғары дәрежеде ұйымдастырып қана қоймай, көкпардан әлемде жетекші ел екенімізді дәлелдеуіміз керек», – деді Бауыржан Әбдірәшитұлы.

Жиынға арнайы қатысқан ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов көкпар спортындағы мәселелерді атап, оның қоғамдағы рөліне тоқталды.

«Жалпы, көкпар – қазақтың болмысына айналған спорт түрі екенін баршамыз білеміз. Көкпарсыз қазақты, ал, қазақты көкпарсыз елестету мүмкін емес. Сол себептен де көкпардың төңірегінде болып жатқан барлық жаңалықтар мен мәселелер қоғам назарында тұрады. Соңғы жылдары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында елімізде ұлттық спорт дамып, оның насихаты күшеюде. Айдарбек Асанұлы осы күнге дейін қоғамдық – саяси қызметпен қатар ұлттық спортқа да белсенді қолдау көрсетіп келеді. Оның ішінде көкпар да бар.

Патриотизм мен ұлттық дәстүрді жаңғыртуды бірінші орынға қоятын Айдарбек Асанұлы алдағы уақытта «Көкпар» федерациясының жұмысына тың серпін береріне сенемін. Алдағы уақытта да Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы республикалық «Көкпар» федерациясымен бірлесе отырып жүйелі жұмыстар жүргізеді. 2024 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтеді. Бұл өте мәртебелі бірақ сонымен бірге жауапты міндет. Оны ең жоғарғы деңгейде атқаруымыз қажет. Бұл халықаралық іс-шараны ұйымдастыру мен өткізу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылуында», – деп мәлімдеді Исламбек Төлеубайұлы.

Жиын соңында сөз сөйлеген «Көкпар» федерациясының құрметті президенті Айдарбек Қожаназаров мәртебелі және жауапты жұмысқа кіріскеніне қуанышты екенін жеткізді.

Ұлттық спорт десе, оның ішінде көкпар десе ішкен асымды жерге қоятынымды баршасы біледі. Негізгі мақсатым – ұлттық спортымызды дамыту арқылы ұлтымыздың рухын көтеру, ұлтымыздың абыройын әлемге паш ету. Алдағы уақытта көкпар спортындағы мәселелерді оңтайлы шешуге барлық күш-жігерімді салатын боламын, – деді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Айта кетейік, бүгінде Ұлттық спорт Қауымдастығының құрамына 9 федерация кіреді. Олар: Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы ату, Асық ату, Дәстүрлі садақ ату, Тоғызқұмалақ және Құсбегілік.

Ал былтыр қыркүйектен бастап Қауымдастық президенті болып белгілі кәсіпкер және меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов сайланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама