Halyq Uni логотип
×

Кассалық фильмдер мемлекеттік тілде қолжетімді болуы қажет – Асхат Оралов

Мәдениет министрлігі жыл сайын 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасауды жоспарлап отыр

 Халық үні 17.08.2023 | 14:28
Кассалық фильмдер мемлекеттік тілде қолжетімді болуы қажет – Асхат Оралов
Фото: ашық дереккөз

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов дубляж мәселесі бойынша аппарат кеңесін өткізді.

Күн тәртібіндегі басты мәселе – көрермендердің сұранысына ие кассалық фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау.

Жыл басынан Қазақстанда бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрермендеріміздің назарынан тыс қалып қойды. Халықтың пікірін үнемі бақылап отырмын. Біз бұл мәселені ешқашан естен шығармауымыз керек. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы қажет», - деп жазды Асхат Оралов.

Мысалы, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрермендердің қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақ тіліндегі дубляжбен шықты.

«Биыл біз мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық. Наурызда мемлекеттік тілге дубляж жасау үшін фильмдерді іріктеу ережесін бекіттім. Министрлік алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуге ниетті. Бұл көрсеткіш кассалық шетелдік фильмдерге мемлекеттік тілде дубляж жасау арқылы да артуға тиіс», - дейді Мәдениет және спорт министрі.

Тағы бір өзекті мәселе – қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрермендерге ыңғайлы уақытқа қойылмауы. Министр фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбінесе түнде киноға баруға мәжбүр екенін және мұның дұрыс емес екенін жазды.

Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз, - деді Оралов.

Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама