Қала әкімі сөз берді: Екібастұз халқы биыл жылусыз қалмайды
Қаладағы жылу желілерінің 90%-ы тозған
Биыл Екібастұз қаласында жылу беруде қиындықтар болмайды. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барды.
Шаһар басшысы Аян Бейсекин министрге қаладағы жылу желілерінің 90%-ы тозғанын, оларды жаңарту үшін жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізу керегін атап өтті.
Биыл екібастұздықтар жылудан қиындық көрмес үшін барлық тиісті жұмыс қызу қарқында жүріп жатыр.
Жылу электр орталығында болдыңыз. Әр қазандықтың жөндейтін мерзімі бар. Осы уақыт арасында оларды жөндеуді көздеп отырмыз, - деді әкім.
Қала басшысы биыл жылу беру мәселесінде қиындық болмайды деп сендірді.
Айта кетейік, былтыр қыста Екібастұздағы жылу электр орталығында апат болып, қала халқы жылусыз қалған еді.