Қарағанды облысында 227 кенші бар шахтадан өрт шықты
Кеншілерді жер бетіне шығару жұмыстары жалғасып жатыр
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Оқиға орнына Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин мен Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жетті. Қазір оқиға орнында Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.
Өрт 17 тамыз сағат 10:00-те шыққан. Оқиға орнына Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінен 15 қызметкер мен 5 техника, Төтенше жағдайлар министрлігінің 8 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.
Шахтада барлығы 227 адам болған. Оларды біртіндеп жер бетіне шығарып жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, жер бетіне 131 адам шығарылған.
Кейінгі ақпарат бойынша шахтада болған 177 адам жер бетіне шығарылды.
Сағат 13:10-дағы ақпарат бойынша, құтқарушылар өрт шыққан шахтадан 182 адамды жер бетіне шығарған.
Сағат 13:46-дағы ақпарат бойынша, құтқарушылар 222 адамды жер бетіне шығарған. Ал, өрт шыққан шахтада жалпы саны 227 адам болған.
Бастапқы ақпарат бойынша, апат орнында 13 адам дәрігерлерге жүгінген. Олардың шағымы: бас ауруы, жөтел. Төрт адам ауруханаға жатқызылды: екеуі Шахтинск орталық ауруханасына, екеуі облыстық медициналық орталыққа.