Шенеунік тәртіптік жазаға тартылды
Атырау облысының мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерге 82 млн теңге қайтарудан негізсіз бас тартқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау көлік прокуратурасының мәліметінше, мемлекеттік органның кәсіпкердің артық төленген кедендік және салық сомасын қайтару туралы өтініштерін қанағаттандырудан негізсіз бас тарту фактісі анықталған.
Кәсіпкер бірнеше ай бойы фискалды органнан 2 жыл бұрын күшін жойған нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасалған, қанағаттандырудан бас тартылған жауаптарды алған. Прокуратураның араласуынан кейін ғана мемлекеттік орган өз әрекеттерінің заңсыздығын мойындап, тарифтік мөлшерлеменің төмендеуін ескеріп, бұрын төленген соманы қайтарған, – делінген хабарламада.
Нәтижесінде, кәсіпкердің шотына 82 млн теңге түскен. Ал кінәлі лауазымды тұлға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.