×

Қазақстанда АЭС салынатын аудан анықталды

Құрылысқа жауапты шетелдік компаниялардың тізімі жарияланды

 Халық үні 17.08.2023 | 10:32
Фото: atomic-energy.ru

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулер жандандырылып, АЭС қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, АЭС құрылысына ең қолайлы аудан ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды.

Елдегі алғашқы АЭС үшін ұқсас станцияны салу және сәтті пайдалану тәжірибесінде тексерілген технологияны таңдау ұсынылады. Осыған байланысты мынадай компаниялардың тізімі жасалды:

  • HPR-1000 қытай компаниясы – CNNC;
  • APR-1400 реакторы бар корей компаниясы – KHNP;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей компаниясы – Росатом;
  • EPR-1200 реакторы бар француз компаниясы – EDF.

Зерттеу нәтижесі 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды.

«Атом энергиясын пайдалану туралы» ҚР заңының 12-бабына сәйкес ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен ҚР Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган болып есептеледі.

Осыған байланысты, 2022 жылғы қарашада Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарын қолдау шартымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданды.

Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша қоғамдық тыңдау 22 тамызға белгіленді. Тыңдау Алматы облысының Үлкен ауылындағы (Жамбыл ауданы) мектеп ғимаратында өтеді.

Бұған дейін қоғамдық тыңдау 28 ақпанға жоспарланған еді, бірақ кейін шегерілді.

Еске салайық, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтпейді. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов айтты.

Референдум болмайды. Бұл мәселе референдумға шығарылмайды. Біріншіден, алаңның орналасқан жеріне қатысты сұрақ бар. Екіншіден, ең бастысы – технология және қаржылық-экономикалық модель. Ол қалай әсер етеді, біз мұны қалай жүзеге асырамыз? Бұл жөнінде мәселе бар, - деді вице-министр.

Жоспарға сәйкес, АЭС құрылыс-монтаж жұмыстары 2034 жылы аяқталып, 2035 жылы станция пайдалануға берілуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама