СҚО-да колледж директоры спорт шебері деген атақты заңсыз алған ба?
Бақыт Арықбаев тиісті нормативтерді 2006-2007 жылдары орындаған
СҚО олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директорына Қазақстанның спорт шебері деген біліктілік санаты заңсыз берілген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Петропавлдағы колледж жетекшісі Бақыт Арықбаевтың соңғы бір жыл ішінде ешбір жарысқа қатыспағандығы белгілі болды.
22 сәуірде Мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спорттық атақтар мен біліктілік санаттарын беру» туралы № 96 бұйрығы шықты. Ол тізімде Петропавл қаласындағы кикбоксшы - Арықбаев Бақыт Алтайұлының аты-жөнін де бар. Ал, аталған маңызды құжатқа МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қол қойған.
«ҚР спорт шебері» атағы негізінен заң бойынша Қазақстан азаматтарына ғана және спортшы белгілікті санаттарды орындаған сәттен бастап, тек бір жыл уақыт ішінде ғана беріледі.
Мәсенің анық-қанығын білу үшін облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Бақыт Арықбаевтің өзімен сөйлестік. Оның айтуынша ол бұл нормативтерді осыдан 15 жыл бұрын орындаған.
«Бұл нормативтерді мен 2006-2007 жылдары орындап қойғанмын. Нақтырақ айтсақ облыс құрамасында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионаттарында финалға дейін жетіп, жүлдегер атанған болатынмын. Ол кезде мен студент едім. Ал қазір жаңа заңнамаға сәйкес, құжаттың ескіру мерзімі жоқ (срок давновсти – авт.). Яғни, спортшының білгілікті санатты қашан орындағаны енді маңызды емес. Менің құжаттарымды кикбоксинг федерациясы жіберген. Бұл жерде ешқандай заңбұзушылық жоқ деп ойламайын. Себебі, барлығын комиссия қабылдап, тексереді. Қазірдің өзінде мен кикбокспен айналысамын. Қажет болса, сайыстарға қатысуға өтініш беруіме де болады», - дейді колледж директоры.
Ал, семсерлесуден аға жаттықтырушы Виталий Гладковтың айтуынша, 2019 жылы петропавлдық Кирилл Кувыкин ел құрамасы сапында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанған. Алайда оған спорт шебері атағы сол күйі берілмеді. Себебі 2021 жылы шәкіртінің құжаттарын өткізгенде арнайы комиссия уақыт өткізіп алғанын айтқан. Яғни, мұндай ресми жарыстарда көрсеткен нәтиже он екі айдан кейін өз күшін жояды.
Жалпы, мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховқа хабарласқан едік. Шенеунік еңбек демалысында жүргенін айтып, орынбасары Асылбек Әлдіменовпен сөйлесуімізді сұрады. Алайда басқарма басшысының орынбасары да әлі жауап берген жоқ. Жұмыс орнына телефон шалғанымызда, хатшысы оның бос емес екедігін айтып, артынан өзі хабарласатынын жеткізді.