Halyq Uni логотип
×

«Ай сайын ақша жинайды»: Астанада ата-аналар жаттықтырушының әрекетіне шағымданды

Жаттықтырушы ай сайын топтан 700 мың теңгеден астам сома жинап келген

 Айнұр Шошаева 16.08.2023 | 15:55
«Ай сайын ақша жинайды»: Астанада ата-аналар жаттықтырушының әрекетіне шағымданды
Фото: мектептің әлеуметтік желідегі парақшасы

Астанадағы №2 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебіне баратын жас мәнерлеп сырғанаушылардың ата-аналары  жаттықтырушының заңсыз ақша жинаумен айналысатынын айтып, шағымданды. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ Астана қаласындағы филиалының басшысы Дархан Құлжамбеков айтты, деп хабарлайды Halyq Uni

Оның айтуынша, спорттық жаттығуларға бөлініп жатқан қаржы мен оның жұмсалуы зер салып, тексеруді қажет етеді. 

Астана әкімдігінің №2 балалар мен жасөспірімдерінің мамандандырылған спорт мектебінде айналысатын жас мәнерлеп сырғанаушылардың ата-аналары мектептегі ақша жинау туралы айтып, шағымданды. Айтуларынша, ай сайын ата-аналардан ақша жиналады. Біресе жаттығу үшін, енді бірде құрғақ (мұзсыз) жаттығулар, содан кейін бағдарламаны қою үшін, содан кейін іссапар ақысын төлеу, қосымша сырғанау үшін деп кете береді. Бұл жерде әңгіме коммуналдық мемлекеттік мекеме туралы болып отыр. Мемлекеттік мекеме бола тұра, бұл шығындардың барлығы ата-аналардың мойнына түсіп отыр, – деді ол. 

Сондай-ақ белсенді жаттықтырушы ата-аналардан ай сайын 700 мың теңгеден астам сома жинайтынын айтып отыр. 

Олардың есебі бойынша жаттықтырушы ай сайын топтан 700 мың теңгеден астам сома жинап келген (ол оның еңбек ақысынан бөлек сома), ал маусымаралық кезеңде (10 ай) бұл сома 7 млн теңгеден астам сомаға дейін жетеді. Ата-аналардың бірінде жаттықтырушының шотына 1,3 млн теңгеден астам соманы аударғаны туралы түбіртек бар, – деп толықтырды белсенді. 

Ата-аналар осы жағдай туралы құзырлы органдарға шағымданғанымен, жауап ала алмаған. 

Бұл туралы неге ертерек айтылмаған деген сұрақ туындауы заңды. Алайда ата-аналар бірнеше рет бұл мәселе бойынша мектеп пен мемлекеттік мекемелердің басшылығына жүгінсе де, мардымды жауап ала алмаған. Яғни, мемлекет қаржы бөліп отырған нәрселер үшін неге ата-аналардан қосымша ақша жинап отыр деген сұрақ туындайды, – деді Дархан Құлжамбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама