Үйде қуанышты сезімге бөлендім, алайда кері қайту өте қиынға соқты, - дейді ол
Абай облысында сотталған әйел екі аптаға анасына барып қайтты, деп хабарлады polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №21 мекемесiнде 40 жастағы әйел басқаның мүлкін талан-таражға салғаны үшін 2 жылға сотталған. Ол адал еңбегі үшін еңбек демалысын мекемеден тыс жерде өткізген.
Маған артқан сенімі үшін колония әкімшілігіне алғыс айтамын. Мені 14 күндік еңбек демалысына жіберді. Демалысымды Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха қаласында тұратын анама барып өткіздім. Үйімді және үй тағамын қатты сағыныппын. Үйде қуанышты сезімге бөлендім, алайда кері қайту өте қиынға соқты. Бұл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - деді сотталған әйел.
Мекемеден шықпас бұрын сотталған азамат колонияға қайтатыны туралы қолхат қалдырған.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 113-бабы («Мекеменің шегінен тыс жерге шығу») бойынша, яғни сотталған азаматтардың мекемеден тыс жерде еңбек демалысын өткізу олардың қоғамға пайдалы байланыстарын қалпына келтіруге, заңға бағынуға деген ынталарын арттыруға бағытталған. Осы жылы мекемеден тыс жерлерге 100-ге жуық сотталғанға жолдама берілді», - деді мекеме басшысының орынбасары Саят Алтаев.