Хаменоваға қатысты іс әлі сотқа жеткен жоқ

Айнұр Асылбекқызы

Жемқорлық күдігіне ілінген Бақытгүл Хаменова әлі жұмысынан босатылмаған

фото: ашық дереккөзден

Жақында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі сотқа жолданғалы жатқаны белгілі болды. Алайда 6 мамырда облыстық соттың баспасөз қызметі істің әлі сотқа жетпегенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Шамасы, мұның бәрі өткен және алдағы демалыс пен мереке күндеріне байланысты болса керек. Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровтың ісі бойынша жарияланатын үкімге де қатысты солай.

Үкімнің 5 мамырда, бейсенбі күні жариялануға тиіс болғаны белгілі, бірақ белгісіз себептермен болмай қалды. Енді келесі аптада жариялауы мүмкін.

Біздің жолдаған сауалымызға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті шенеунікке қатысты істі елордалық әріптестерінің – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Қанат Сүлейменовтің басшылығымен тергеп жатқанын айтты. Айтпақшы, ол бұған дейін Антикордың облыстық департаментін басқарды және дәл осы қызметте тұрған кезде Хаменова, Таубаев пен Басаров, сондай-ақ жаңа туған нәрестені өлтіргені үшін сотталған облыстық перинаталдық орталықтың дәрігері ұсталған болатын.

6 мамырда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Хаменова өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазбағанын және ол әлі де Атырау облысы әкімдігі аппаратында есепте тұрғанын хабарлады.

Еске салайық, Бақытгүл Хаменова 2021 жылдың 22 желтоқсанынан бері тергеу изоляторында отыр. Ол 10 желтоқсанда Атырауда 145 миллион теңгеге Абай ескерткішін дайындау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасағаны үшін ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Жауап алынғаннан кейін оны уақытша ұстау изоляторына қамады. 

Ал 12 желтоқсанда Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу туралы санкция берді. 

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») бойынша тергелуде.
Істің тергеліп жатқанына 4 айдан асты.

Айтпақшы, сол кезде оған қатысты бұлтартпау шарасының өзгеруін облыстық сот: «Жетекші лауазымды атқарған Бақытгүл Хаменованың осы өңірде ықпалы мен мықты әлеуметтік байланысы болғандықтан, процеске қатысушыларға қысым жасап, істің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін» деп түсіндірді. 

Хаменованы тергеу изоляторына қамауға алуды Атырау облысының прокуратурасы сұрады. Осы өтініштің негізінде Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2021 жылғы 22 желтоқсанда қаулы шығарды.

Бұған дейін тергеу соты Антикордың бостандықта жүрген күдіктінің өз бетінше немесе сенімді адамдары арқылы істің толық және объективті тергелуіне және оның сотта қаралуына қылмыстық процеске қатысушыларға қысым көрсету арқылы кедергі келтіруі мүмкін екендігін, сондай-ақ тергеу мен соттан жасырынып қалуы мүмкін екенін дәлелдемегенін алға тартты. 

Хаменованың үйқамаққа алынғаны атыраулықтар арасында қызу талқыланып, «Басқалардан қай жері артық?» деп, көпшіліктің ашуын келтіргені есімізде.