Атыраулық жарымжандар жанайқайымызға жергілікті билік құлақ аспаса, үкімет үйіне барамыз деп отыр
Бүгін күннің ызғары мен жауған жаңбырға қарамай, балдаққа сүйенген, арбаға таңылған жарымжан жандар Атырау облысы әкімдігі алдына жиналып шу шығарды. Олар мемлекеттің қолдауы мен медициналық көмекке зәруміз дейді. Бұл туралы «КТК» телеарнасының сюжетінде айтылды.
Жиналғандар тіпті азық-түлік пен қайырымдылық көмектен гөрі құқығымыз қорғалсын деген талап қойды. Олар елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттен көрсетілетін көмектің мардымсыз екенініне наразы. Жиналғандардың басым бөлігі үй жалдап, баспанасыз жүргендерін айтады. Жиырма жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғандар әлі әркімнің босағасын жағалап жүр екен. Тіпті, әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы алатын баспанаға да қол жеткізе алмаймыз дейді.
«Бір үйде үш балам бар. Үшеуі де өзім сияқты бірінші топта. Екі келінім бар. Үш отбасы 50 шаршы метрде тұрамыз. Алты мүгедек, екі немере бар. Мына балаларды кезекке қоймайды. Менің үйімдегі үлесте барсыңдар деп. Оларды үй кезегіне қойып, осыны тыңдайтын құлақ болса, ескеретін жан болса, осыны бір қолға алса екен деймін», - дейді бірінші топтағы мүгедек Шәмші Мәжитов.
Әкімдік алдына жиналған мүгедектердің мұңы көп болды. Тіпті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы өтініштерімізді тыңдамақ түгілі, кабинетінен қуып шығады дейді. Медициналық көмектің машақатын да айтып мұңайды олар. Бізге үкімет азық-түлік әкеліп қайырымдылық жасамасын, құқығымызды қорғап, медициналық көмекті қолжетімді етсін дейді.
«Ауырғанда емханаға барамыз. Ал бізге порталға саламыз, сендерді үш, не төрт күннен кейін шақырады дейді. Бұл да дұрыс емес. Бізге көрсетілетін тетіктер дұрыс жасалмаған. Сондықтан да біз өз құқығымызды қорғау үшін осы жерге әкімнің алдына келіп тұрмыз. Кетпейміз. Қайта қайта келе береміз. Бізді бейшара деп қарамасын. Бізге қайырымдылық жасамай-ақ қойсын. Бізге кәдімгі конвенцияда айтқандай, сау адамдар сияқты біз де өмір сүргіміз келеді. Біздің қоятын талабымыз осы», - дейді бірінші топтағы мүгедек Майра Өтеғалиева.
Наразы топты шенеуніктер әкімдік ғимаратына кіргізіп сабырға шақыруға тырысты. Тұрғын үй мәселесіне жауаптылар мүгедектер баспананы кезекпен ғана алады дейді. Елімізде баспанаға көп балалы отбасыларға ғана басымдық берілген деп отыр.
«Басым көпшілігі қазір көп балалы отбасылар. Мемлекеттен берілетін басымдық сол көп балалы отбасыларға пәтер сатып алынады. Солай. Бірақ кезегіне сәйкес оның ішінде мүгедек болса, міндетті түрде беріледі», - дейді Атырау қаласы ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Жарымжандар облыс әкімі Серік Шапкеновтің өзі шығып, шағымдарымызды тыңдасын деп талап етті. Бірақ әкім шықпады.
«Өкініштісі, облыс әкімі жаңа ғана жұмысқа тағайындалып, енді жиналыс көп. Бірақ ол келесі апта, келесі жұмада қабылдаймын деді», - дейді Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Айдарбеков.
Атыраулық жарымжандар жанайқайымызға жергілікті билік құлақ аспаса, үкімет үйіне барамыз деп отыр.