Оқу жылына екі апта қалды: 11 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталмаған
Жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытында тапсырылмауы мүмкін
Премьер-министр Әлихан Смайылов шенеуніктерге мектептердегі жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды ескертті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкімет басшысы еліміздегі 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақынын екенін атап өтті. Бірақ кей мектептерде жөндей жұмыстары уақытында аяқталмай қалу қаупі бар.
«Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын үлгермей қалуы мүмкін. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар. Аталған өңірлерде шұғыл шаралар қабылдануы қажет. Нормаға сәйкес, барлық құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылының басталуынан 2 апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза және бояу иісі жоқ сыныптарға жайғасуға тиіс», - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі шығарылмаған. Премьер-министр жұмысты тез арада аяқтауды тапсырды.
Премьердің айутынша, биыл 52 жаңа мектеп ашылады деп жоспарланған.
Жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Алайда жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытында ашылмай қалуы мүмкін. Мұндай нысандардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет, - деді премьер-министр.