Бастауыш оқушыларына тегін тамақ: асханасы жоқ мектептер не істейді?

Дәурен Ерболат

Биыл 364 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды

фото: Halyq Uni

Биыл Қазақстанда 364 мың оқушы бірінші сыныпқа барады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, қыркүйектен бастап Қазақстандағы 7,7 мың білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады. Оның 364 мыңы – бірінші сынып оқушысы.

Сондай-ақ ведомство басшысы жағдайы төмен отбасындағы оқушыларға көмек берілетінін айтты.

Бұл мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет талқыланды. Биыл 460 мың бала үшін 65,3 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстау (24,9%) облысы әкімдігі бұл жұмысты 18 тамызға дейін аяқтауы қажет, - деді Ғани Бейсембаев.

Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралған.

«Бүгінде тапсырманы орындау үшін барлық өңірдің әкімдіктері тарапынан қажет қаржы бөлінді. Қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Асханасы жоқ мектептерде (669 мектеп) Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тамақтандыруды 3 тәсілмен ұйымдастырылады: кейтеринг қызметін ұйымдастыру, модульді асханалар құру, буфетте тамақтану», - деді ведомство басшысы.