Ол қазір қазақ тілін үйреніп жатыр
Жүзуден Ресей чемпионы Софья Сподаренко бұдан былай Қазақстанның намысын қорғайды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Негізі Софья Сподаренко Өскемен қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Константин Сподаренко ұзақ жылдар бойы жергілікті «Торпедо» хоккей клубында ойнады. Анасы Татьяна да жеңіл атлетика шебері болған.
Кейін әкесінің ресейлік клубқа ауысуына байланысты Сподаренколар Түменге көшеді де, Софья сол жақта жүзумен айналыса бастайды.
Сподаренконың Қазақстан төлқұжатын алуға 1,5 жыл уақыты кеткен. Десе де ол өзінің жазғы демалыста туған жеріне жиі келгенін және қазір қазақ тілін үйреніп жатқанын мәлімдеді.
Мен бұл жайтты жасырғаным жоқ. Бірақ процесс толық аяқталғанша айта алмадым. Енді кәсіби спортшы ретінде Қазақстан құрамасының намысын қорғайтынымды қуана хабарлағым келеді. Бұл шешім оңай болған жоқ, десе де саналы түрде жасалған таңдау. Ресейлік жүзу федерациясына алғыс айтамын. Мен осы жүйеде өсіп-өніп, жоғары нәтиже көрсеттім, - деді Софья Сподаренко.
Айта кетсек, ол 2018 жылы 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Ресей чемпионы атанған. Кейін кешенді әдіспен 100 метрге жүзуден Ресей чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.