Талғар көшесінде көкпар ұйымдастырғандар тергеліп жатыр

Динара Амантай

Кінәлілер қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылатын болады

Фото: polisia.kz

Талғар көшесінде көкпар ұйымдастырғандар тергеліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Талғар ауданы автожолдарының бірінде 10 адамнан құралған топ көкпар ұлттық ойынын ойнап, сол арқылы көлік құралдарының жол қозғалысына кедергі келтірген бейнежазба анықталған. Аталған дерек Талғар аудандық ПБ-да дереу тіркелді.

Тексеру барысында оқиғаның 12 тамызда болғаны анықталды. Қазір осы дерек бойынша ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізу басталды. Іс материалдары сотқа жолданып, оның шешімі бойынша кінәлілер қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылатын болады, – делінген хабарламада.