Түркістан облысында шетелдік азаматтың аяқкиімінен гашиш табылды

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: polisia.kz

Түркістан облысында қызметтік иттің көмегімен шетелдік азаматтың аяқкиімінен гашиш табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сарыағаш аудандық ПБ-ға Жібек жолы шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама түскен. Онда Флора атты қызметтік иттің Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өтіп бара жатқан шетелдік ер адамға қатысты белгі бергені хабарланған. Полицейлер алған ақпарат бойынша күдік тудырған ер адамға тінту жүргізу кезінде шетелдік азаматтың аяқкиімінің ішіне жасырып алған есірткіге ұқсас зат табылды. Сараптама қорытындысында оның гашиш есірткісі екені расталды.

Күдікті ер адамның Өзбекстан елінің азаматы екені анықталды. Қазір оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы («Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.