Halyq Uni логотип
×

ХҚТУ емтихан кезінде ереже бұзылғанын растап, түлектерінен кешірім сұрады

Университет түлектері екінші рет тест тапсыра алады

 Айгерім Таубай 14.08.2023 | 17:17
ХҚТУ емтихан кезінде ереже бұзылғанын растап, түлектерінен кешірім сұрады
Фото: Yassawi University Facebook парақшасы

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті резидентура емтиханының сұрақтарына қатысты шағымын айтқан түлектеріне жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін медицина факультетінің түлектері резидентура емтиханы кезінде 150 минуттың орнына 120 минут берілгеніне, сұрақтардың күрделі екеніне шағымданды.

Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі емтихан уақыты бойынша талаптың сақталмағанын растады. Оған техникалық ақау себеп болған.

Резидентураға түсуші үміткерлердің емтихан уақытының жеткіліксіз болғаны туралы шағымын қарастырған кезде, университеттің резидентураға оқуға қабылдау ережесінің 7.10 тармағы сақталмағаны анықталды. Ережеге сәйкес емтихан уақыты 150 минут болып бекітілген, алайда жаңа платформаға көшу барысында техникалық қате шығып, іс жүзінде емтихан 120 минут болған. Университет басшылығы шыққан техникалық қате үшін барлық үміткерден кешірім сұрай отырып, екінші мүмкіндік беруге шешім қабылдады, - делінген университет жауабында.

Осылайша университет түлектері екінші рет тест тапсыра алады. Екі емтихан нәтижесінің бірін өз қалауы бойынша грант конкурсына қатысуға жолдай алады.

Сондай-ақ түлектер резидентура сұрақтарының күрделі екенін және сұрақтардың басым бөлігі жалпы практика дәрігері саласына қатысты болғанын айтты.

«Бізге медицина факультетінің деканаты мен қабылдау комиссиясы сұрақтардың 30%-ы жалпы практика дәрігері (ВОП) жұмысы бойынша, 70%-ы резидентурада таңдаған мамандық бойынша келетіні айтылды. Біз әртүрлі мамандыққа тапсырдық. Біреу гинекология, енді бірі урология, травматология таңдаған. Бірақ сұрақтар айтылған талапқа сай келмеді. Урология бойынша емтихан тапсырдым. Осы сала бойынша небәрі 15 сұрақ келді. Гинекология, кардиология бойынша сұрақтар келді. Жалпы практика дәрігері саласы бойынша сұрақтардың өзі емхана деңгейіндегі емес, операцияға қатысты болды», - деген еді редакцияға хабарласқан ер адам.

Университет «арызданушы үміткерлердің «емтихан сұрақтары күрделі және олар резидентураға түсушілер деңгейіне сәйкес емес» деген пікірінің ешқандай негізі жоқ. Өйткені, барлық сұрақ Қорытынды мемлекеттік аттестация (ҚМА) тесттерін әзірлеу үшін бекітілген жалпы дәрігерлік тәжірибе спецификациясының талаптарына толық сәйкес келеді. Тест сұрақтарын білікті сарапшылар жинақтады», деп жауап берді.

Ресми жауапқа сәйкес, кейінгі үш жылда резидентура емтиханы сұрақтарының 70%-ы жалпы практика дәрігері саласы бойынша және 30%-ы таңдалған резидентура бағдарламасының бағыты бойынша беріледі.

Ал университет түлектеріне медицина факультетінде жалған ақпарат берген маманды анықтап, жауапкершілікке тартуға уәде беріп отыр.

Сондай-ақ үміткерлер емтиханды компьютер арқылы тапсырғанына қарамастан, нәтижесі 4-5 сағаттан кейін шыққанын айтты. Оқу орны мұны ережеде көрсетілген мерзім деп атады. Ережені өзгерту жоспарына қатысты сұраққа университет бұл ереженің Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылдың 15 желтоқсанындағы «Резидентурада мемлекеттік тапсырысты орналастыру, оқуға қабылдау және медицина кадрларын даярлау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының «Медицина кадрларын резидентурада оқуға қабылдау қағидалары» қосымшасында көрсетілген 14-тармағына сәйкес жүргізілгенін мәлімдеді.

Ол құжатта «Түсу емтихандарының нәтижелері олар өткізілген күні жарияланады. Түсу емтихандарын қайта тапсыруға жол берілмейді» деп жазылған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама