Ақынның мерейтойы Ескелдіде екі күн тойланды
Биыл ақын, көрнекті ағартушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толды. Өткен демалыста ақын жерленген Баянауыл ауданындағы Ескелді жерінде дүбірлі той өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақынның мерейтойы Ескелдіде екі күн бойы тойланды. 100-ден астам киіз үй тігіліп, ақындар айтысы, бәйге және басқа да ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Ескелдіде кесенеден бөлек келушілер тоқтайтын шағын қонақ үй мен ақынның мемориалдық музейі бар. Музей келішулер үшін жыл он екі ай ашық. Онда бізді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөпшегі – Мәдина Пазылова қарсы алды. Ол ақынның кіші ұлы Мұхаммед Пазылдың шөбересі. Осы музейдің экскурсоводы болып істейді. Айтуынша, музей шамамен 1978 жылдан бастап құрылған. Бастапқыда ауылдың мектебінде ашылып, 2019 жылы қазіргі ғимаратына көшірілген. Оған дейін бір жыл кесененің жанындағы қонақүйдің ішінде орналасыпты.
Туған кезде азан шақырылып қойылған есімі Адам-Жүсіп болған. Атамыз 3 жасынан Хамаридин Хазіретұлынына хат танып, оқу-жазуды білді. 5 жасынан Құранды жатқа біліп, 9 жасында ел арасында танылып кетеді. Сол кезде Баянауыл өңірінің аға сұлтаны болған Мұса Шорманов оның өнерін байқап, тақиясына үкі таққызып, «өз заманында мәшһүр болатын бала екен» деп айтуымен Мәшһүр Жүсіп атанып кеткен. Содан бастап тақиясына үкі тағып өткен, – деді ақынның шөпшегі.
Алғашқы сөреге ақынның Құран Кәрім қойылған. Сондай-ақ көзі тірісінде түскен жалғыз суреті де бар.
Павлодар қаласында белгілі фотосуретші Багаев деген кісінің студиясында түсірілген. Жанында досы Әбдіразақ Тұржанұлы мен оның баласы Аллажар Әбдіразақұлы бар. Кеуде тұсында тұрған ақ парақша Құранның сүресі. Себебі кезінде ол кісі суретке түскенді қаламаймын деп айтқан. Екі себептің бірі – «камераның жарығынан құтым қашады» деген. Сол үшін кеудесіне Құран сүресін қойып түскен. Екінші себебі – суретінің аяқ астында тапталып жатқанын қаламаған. Сол себепті бір ғана суреті бар. Кеудесіндегі нақты қай сүре екені белгісіз, – деді Мәдина Пазылова.
Одан бөлек, музейде ақынның ас ішкен астауы, балаларының суреттері. шақшасы, жеке заттары - қайрағы, жез самаурыны, бойтұрамы мен омыраушасы тұр, оны ас ішердің алдында тағып отырған. Сондай-ақ арғы атасы Бесінге тиесілі қылышы мен өзінің қоңыр күрең шкафы тұр.
Атаның екі шкафы болған, өзінің қолжазбалары мен кітаптарын сонда сақтаған. Бірақ қазір біреуі ғана қалды. Осы шкафты атамыз көзі тірісінде өзі салдырған мазарына қойдыртқан екен, – деп қосты Мәшһүр Жүсіптің шөпшегі.
Бұған дейін Мәшһүр Жүсіптің шалбары реставрацияланғаны туралы жазған едік. Ол шалбар да музейде тұр. Оны белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзадақызы айналысқан болатын.
Өзі орта бойлы болғанына қарамастан денелі, ірі адам болған. Шалбардың ұзындығына қарасақ қысқа, бірақ белбеуіне қарап ірілігін байқауға болады.
Ақын көзі тірісінде үш кітабын шығарған. Қалған еңбектері қолжазба ретінде сақталған, – деді Мәдина.
Музейдің бір бұрышына 20-ғасырдың басында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығымен танысып, жоғары баға берген ұлт зиялыларының суреттері ілінген. Сондай-ақ мәшһүртанушылардың да суреттері бір сөреге жинақталған, арасында ақынның тікелей ұрпақтары да бар. Бұған қоса, экспонаттардың арасында ойшылдың зиратын қазғанда шыққан тастар да бар. Ол зиратын көзі тірісінде қаздырғаны белгілі, сол кезде жерден тесік тастар шыққан екен.
Бұл тастарды көбінесе «рауан тастар» деп айтады. Осы тастар шыққаннан кейін атамыз «Менің бас жағымнан Самарқанның көк тасы шығады» деп әрі қарай қаздырта берген. Терең қазған кезде мынадай көк тас шыққан. Оның ұзындығы сол кезде 1,5 метр, қалыңдығы 20-30 см болған дейді. Алайда келімді-кетімді адамдар «қасиетті жердің тасы» деп шетінен сындырып әкете бергендіктен, кішкентай болып қалған. Бұл тасты ақын «топырағымды құнарландырып отырады» деп зиратының бас жағына ілгізген. Мазарындағы көк тасқа аты-жөнін және «73-ке дейін балталасаң да, өлмеймін. 73-тен ары сүйресең де бармаймын» деген өлең жолдары жазылған. Ол кісі 73 жас жасайтындығын алдын ала білген, – деп түсіндірді шөпшегі.
Айта кетейік, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көзі тірісінде мазарын салдыртып, денесінің 21 жыл бойы ашық жататынын айтып кеткен. Үлкен ұлы Мұхаммед Шәрәпиден мен келіні Ақ Зейнепке денесін жуып, дәкесін ауыстырып алуға рұқсат еткен, дейді ұрпақтары.
Атамыз 30-жылы мазарын салдыртады, оның да суреті тұр. Екі бөлмелі болған: бірінші бөлмеде өзінің заттары тұрған, ал екінші бөлмеде өзі жатқан. 1931 жылы 27 қарашада қайтыс болған соң қойылады. Содан 1952 жылға дейін денесі ашық жатады. 1952 жылы Совет үкіметі осы мазары мен бұлақ басындағы үйін бұзып тастауға бұйрық шығарады. Оған дейін 21 жыл бойы денесі ашық жатып, бұзылмаған. Еш өзгеріссіз сақталғаны сонша, асқазанындағы қортылмай қалған асы шірімей, сол қалпы сақталған, – деп жалғастырды сөзін Мәдина.
Оның айтунша, екі жылдан соң кіші ұлы Мұхаммед-Пазыл мен кіші келіні Нұрила саман кірпіштен басына мазар салдыртады. Ол мазар қирап құлай бастағандықтан, 1978 жылы ақ кірпіштен екі бөлмелі етіп кесене салдыртады. Ол 2006 жылға дейін тұрды. Сол жылы қазіргі күні тұрған кесене бой көтерді. Қабырғаға қайтыс болғанда ақынның денесін орап шығарған кілем ілінген. Бұдан бөлек музейде мазарына қойылған құлыптасы тұр.
Мұнда туған жылы 1857 деп көрсетілген. Негізі атамыз 1858 жылы туған. Ол кезде баланың ананың құрсағында жатқан 9 айынан, яғни жан біткен уақытынан бастап есептеген екен. Сол себепті 1857 жыл деп көрсетіліпті. Музейде әкесі Көпжасардың көк Құраны да бар. Кейін ақынға, одан ұлдарына өткен. Ал бұл - Абайдың әкесі Құнанбай қажының Меккеден әкелген құраны. Оны біздің музейге Семей қаласының тұрғыны сыйға тартты, – деді Мәдина Пазылова.
Ескелдідегі таудың басында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі тұр. Кесенеге 73 баспалдақтан тұратын сатымен көтеріледі. Бұл сан ақынның сонша жыл өмір сүргенін білдіреді екен. Жақын маңда ұлдары Мұхаммед-Шәрәпиден, кіші ұлы Мұхаммед-Фазыл, үлкен келіні Ақ Зейнеп, кіші келіні Нұрила және кейінгі кезде қайтыс болған немерелері мен шөберелері жерленген.