Мемлекетке құны 1,6 млрд теңге тұратын орман қорының учаскесі қайтарылды
Жер 5 жыл бойы көзделген мақсатта пайдаланылмаған
Ақмола облысында мемлекетке құны 1,6 млрд теңге тұратын орман қорының учаскесі қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақкөл ауданы прокуратурасының мәліметінше, жалпы ауданы 264 гектар сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімге пайдалануға берілген орман қорының учаскесі қайтарылған. Учаске 2018 жылдан бастап көзделген мақсатта пайдаланбаған, жалдау ақысы төленбеген.
Орман өрттері қаупінің жоғары дәрежесіне қарамастан, олардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізбей, өртке қарсы жоспарлар әзірлемеген. Аталған мән-жайлар аудан прокуратурасының актісі бойынша уәкілетті органмен сотқа жүгінуге негіз болды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты бұзылып, жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын учаске мемлекет меншігіне қайтарылды.