Бразилияға барған балуанға қатысты дау шықты
Елімізге Бразилияда өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында отандасымыз Еркебұлан Қанафиннің есту қабілеті нашар спортшылар арасында чемпионы болғаны туралы хабар келіп жеткенде бөркімізді аспанға атып, бір қуанып қалған едік.
Алайда, соңынан оның Қазақстанның ұлттық құрама командасының қатарына кірмегенін, есту қабілеті нашар спортшылардың жарыстарына мүлдем қатыспағаны туралы ақпарат тарады.
Жалпы, спортшылар жарыстар мен турнирлерде, чемпионаттарда ауыр жарақат алса мүгедектер арасындағы бәсекеге ауысып жатады. Бірақ, дәл осы жағдайда түсініксіздеу болып тұр. Олай дейтінім, алғашында Мәдениет және спорт министрлігі Бразилияға баратын спортшылардың қатарына көзі анық көретін дзюдоисімізді мүгедектер қатарына жатқызбаған екен. Ал Сурдлимпиада комитеті керісінше, Еркебұлан Қанафинді лайықты санап, оны ұлттық құрама команданың қатарына қосқан. Сөйтіп, олар «Қазақстанның Сурдлимпиада комитеті ғана жарысқа қатысуға өтініш бере алады», деп спортшыны Бразилияға апарған. Осы түсінбеушіліктің кесірінен, Сурдлимпиадаға 81 келі салмаққа дейінгі сында Айдос Түгелбаевтың орнына Еркебұлан Қанафин барып, қарсыласының бәрін жеңіп, алтын медаль алған.
Бұл әңгіменің бәрі Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің өзімбілемдікке салып, спортшыны өз есебінен Бразилияға апарғанынан шығып отыр. Өйткені, Мәдениет және спорт министрінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі №89 бұйрығына сәйкес, 1-15 мамыр аралығында Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтетін XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында дзюдодан жарыстарға қатысу үшін Қазақстанның ұлттық құрама командасының қатарына қосылған. Сондықтан жарысқа Еркебұлан Қанафиннің орнына басқа спортшы баруға тиіс болған.
Алайда Қазақстанның Ұлттық Сурдлимпиада комитеті есту қабілеті нашар спортшылардың Халықаралық спорт комитетіне жарысқа қатысу туралы жіберген өтінішінде спортшы Еркебұлан Қанафиннің аты-жөні көрсетілген.
Ведомство ұсынған жауапта оның есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы жарыстарға қатыспағаны, Қазақстанның ұлттық құрама командасының тізімі мен есту қабілеті бойынша мүгедектігі жоқтығы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт ұйымдарына тіркелмегендігі туралы айтылған.
Осыған байланысты министрлік әділеттікті сұрап, сотқа жүгінетіндерін мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев айтты. Ол бізге берген қысқаша әңгімесінде жағдайды түсіндірмек болды.
-Кешегі Сурдлимпиадада болған жағдай туралы не айтар едіңіз? Еркебұлан Қанафиннің мүгедек болмағаны рас па? Спорт комитеті қандай шара қолданады?
- Әділеттікті сұрап, сотқа жүгінеміз.
-Вице-министр Серік Жарасбаев та сотқа жүгінеміз деді. Ұлттық Сурдлимпиада комитеті неге олай жасады деп ойлайсыз? Араларыңызда келіспеушілік бар ма?
-Жалпы жоқ. Бірақ, неге олай жасағанын білмедім.
Осы ретте, мәселенің анық-қанығын білу үшін Бразилиядағы жарысқа еліміздің құрама командасын бастап барған Сурдо дзюдодан аға жаттықтырушы Хайрулла Лұқмановпен хабарласқанымызда, ол бізге былай деді:
«Менің алдымда команданың аға жаттықтырушы Самат Апаков болды. Сосын мен қызметке тағайындалғаннан кейін ол бізге команданы Сурдлимпиада ойындарына қатысу үшін оқу-жаттығу жиындарына көмектесті. Сөйтіп, екі жаттықтырушы болып жарысқа дайындалдық. Әр салмақ бойынша балуандарды іріктеп алдық. Енді команданы жасақтап, жарысқа барайын деп жатқанда басқа балуандардың баратынын білдік. Біз іріктеп алған үш споршы жарысқа кейін қатысты», – деп жауап берді.
-Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің төрағасы Сәуле Шакуованың осы айғай шуға қандай қатысы бар?
-Павлодардағы Геннадий Маменов деген жаттықтырушы Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің төрағасы Сәуле Шакуованың тапсырмасымен 4 жігіт, 1 қызға халықаралық аудиограмма жасаған екен. Ал Қанафиннің «жолдамасын» Шакуованың өзі істеген сияқты.
«Өйткені, ол соның тапқан ақшасына жарысқа қатысты. Сәуле Шакуова жаттықтырушылармен ақылдаспайды. Біз тізімге жеті адамды бергенбіз. Бірақ, біздің ұсынысымыз ескерілмеді. Сосын біз жарыс жақындаған сайын Бразилияға баратын спортшылардың тізімін сұрадық. Олар тізімді соңына дейін бермей келді. Ең соңында Қанафиннің Сурдлимпиада ойындарын қатысатынын білгенімізде, оның қатысуына қарсы болып, хабарласпаған жеріміз қалмады. Бізді ешкім тыңдамады. Біз алып барған үш спортшы қатарымызға кейін қосылды. Олар Спорт комитетінің ақшасымен келіп, жарысқа әрең дегенде қатысты. Үш күннен кейін өтінішімізді ескеріп, Шакуова апарғысы келген үш балуанның орнына қатыстырдық.
Еркебұлан Қанафин – жақсы спортшы. Оған ешкімнің сөзі жоқ. Бірақ, оның Сурдлимпиада ойындарын қатысқаны дұрыс болмады. Жарыста шетелдің балуандары да осыны айтты. Өйткені, олар біздің спортшылардың бәрін жақсы біледі. Жалпы, спортшылар бір-бірімен жақсы таныс. Солар Қанафинге протест жасаймыз дегенде ештеңе істей алмады. Қазір елде шу болып жатқан шығар. Осы сөзімді елге жеткіз», – деді Сурдо-дзюдодан аға жаттықтырушы Хайрулла Лұқманов.
Дастан ЖҰМАБЕКҰЛЫ