Қазір оның жеке ұялы телефоны полиция қызметкерлерінде
Журналист Сандуғаш Дүйсенованың жақындары оның үстінен қозғалып жатқан қылмыстық іске қатысты мәлімдеме жасады.
Көмекшісі Әлия Шагиахметтің айтуынша, полиция департаментінің ақпараты шындыққа жанаспайды. Журналист құқық қорғау қызметкерлеріне өзі барып, барлық мән-жайды айтып берген.
Полиция қызметкерлері Сандуғаш Елубайқызын бір жерден ұстап алып, департаментке апармаған. Шақырту бойынша ол өзі барып, сол жерден қамауға алынған. Темір тордың ішінде оған іш киімін шешкізіп, видеоға түсірген. Қазір ол кісінің жеке ұялы телефоны полиция қызметкерлерінде. Сол себепті әлеуметтік желіге кіре алмай жатыр, - дейді көмекшісі.
Қоғам белсендісінің экс-әріптесі, журналист Самал Қабышеваның айтуынша, барлық әрекет – Сандуғаш Дүйсенованың сағын сындырамыз деген белгісіз азаматтардың тірлігі.
Бұл жерде тек Сандуғашқа кек ұстаған адам осыны пайдаланып, арыз жаз деп бағыт берген деп түсінемін. Сондықтан Сандуғаштың ісін мемлекет басшысы тікелей өз бақылауына алса деп сұраймын. Қоғамдағы әділетсіздікпен күресіп жүрген адам біреудің кегі үшін бұлай күйіп кетпеуі керек, - дейді Самал Қабышева.
Еске сала кетсек, 11 тамызда журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Полицияның ресми ақпаратына сүйенсек, қоғам белсендісін ҚР ҚК-нің 147-бабы («Жеке өмiрге қол сұқпау және дербес дерек пен оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу») бойынша айыптап жатыр.