×

Қарағанды облысында УАЗ көлігін таптап өткен БелАЗ жүргізушісі сотталды

Шахтада жұмыс істеген 2 адам сол жерде қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген

 Еркеғали Болатұлы 13.08.2023 | 14:26
фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысында өткен жылдың тамыз айында ішінде адамдары бар УАЗ көлігін басып кеткен БелАЗ жүргізушісі сотталды.

Оқиға 2022 жылдың 28 тамызында болған еді. Қарағанды облысындағы Молодёжный көмір кенішіндегі жұмыс алаңында үлкен БелАЗ көлігі УАЗ машинасын басып кеткен. Шахтада жұмыс істеген 2 адам сол жерде қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген болатын.

Қайтыс болғандардың бірі 40 жаста, екіншісі 37 жаста болған. Мәліметтерді «Патриот» Telegram-арнасы анықтады.

Сотта белгілі болғандай, БелАЗ бен УАЗ соқтығысқан кезде кейінгі көлікте жүргізуші мен 5 жолаушы отырған. Алынған дене жарақаттарынан «Қазақ алтын Logistic» ЖШС-нің жүргізушісі мен жолаушы-электромеханик қайтыс болған. Тағы бір жолаушы жарақат алған. Соңғы сәтте тағы екеуі сыртқа секіріп үлгерген. Көлемі үлкен көліктің жүргізушісі өз кінәсін толық мойындап, жақын маңда жұмыс істеп жатқан адамдардың бар екенін білмейтінін айтты.

Сол күні карьерде шаң болмас үшін жолға су төгілген. Сондықтан алаң тайғақ болған.

Өрге шығып бара жатқанда ешқандай көлік көрмедім. Рациямен маған жақын жерде көлік бар екені туралы айтылмады. Мен оларды қалай соққанымды сезбей қалдым. Жәбірленушілерден өкініп, кешірім сұраймын, - деді сотта БелАЗ жүргізушісі.

Оқиғадан аман қалғандар фидерді өшіріп, экскаваторды ауыстырмақ болғандарын айтады. Олар жақындап келе жатқан БелАЗ-ды көргенде жүргізуші үздіксіз сигнал бергенмен, БелАЗ тоқтамаған. Қайғылы оқиғадан бірнеше секунд бұрын 2 жолаушы есікті ашып, көліктен секіріп үлгерген. Олар жарақат алмаған.

Сот БелАЗ жүргізушісінің тау-кен ісіндегі марапаттарын, жұмысында ешқандай ескерту алмағанын, беделді жұмысшы екенін ескерді. Дегенмен үкім шықты.

Сотталушының кінәсі Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сараптама қорытындысымен дәлелденді. Сотталушы қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбеген. Салдарынан жүргізуші А.Т. Раздобреев пен жолаушы С.Ж.Мейірманов қайтыс болып, жолаушы В. Вавдийчик ауырлығы орташа дәрежеде дене жарақатын алған.

БелАЗ жүргізушісі 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 5 жылға ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге кесілді. Оны сот залынан бірден алып кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама