Halyq Uni логотип
×

ШҚО-да ауыл тұрғындары 5 жыл бойы таза су іше алмай отыр

Облыс әкімі ауызсу құбырына қатысты жұмыс сапасын аудан әкімінің өзі қадағалауы керек екенін ескертті

 Еркеғали Болатұлы 13.08.2023 | 13:47
ШҚО-да ауыл тұрғындары 5 жыл бойы таза су іше алмай отыр
фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка кентінің тұрғындары кезінде орнатылған құбырлардың жерден шығып тұратынын, жұмыстың сапасыз орындалғанын айтады. Бұл туралы Massaget.kz хабарлады.

Барлығы – шаруаға жүрдім-бардым қараған мердігерлердің кінәсі. Шұңқырлар сол күйі бітелмеген, құбырлар жиі жарылады, кейде апталап ауызсусыз отырамыз. Құбыр осыдан 5 жыл бұрын тартылған. Мәселе қашан шешімін табады? - дейді Белоусовканың тумасы Қайсар Омарбеков.

Жергілікті жұрт аудан басшысы Елдар Тумашинов жағдайды бақылауға алғанын, алайда облыс әкімдігі қолдау білдірмесе, бұл мәселенің әлі көпке созылатынын айтып отыр. Олар тіпті суды басқа жерден тасып та іше алмай жүр екен. Ал облыс әкімі Ермек Көшербаев бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, тиісті қаражат бөлінген.

Биыл 99 миллион теңге түсіп, қаржы толық игерілді. Бұл ақшаға сору құрылғысы орнатылып, қажет жұмыстар қолға алынды. Келесі жылға бұдан да көбірек сома бөлінген, - деді Елдар Тумашинов.

Шенеуніктің айтуынша, қолға тиген қаражат негізінде барлық олқылық реттеліп, су жаңа желі бойынша қолданысқа берілген. Ол тұрғындарды бұдан былай ауызсу мәселесі болмайтынына сендіріп отыр.

Ал Ермек Көшербаев ауызсу құбырына қатысты жұмыс сапасын аудан әкімінің өзі қадағалауы керек екенін ескертті. Сондай-ақ ол осы тапсырманың аяқталуын назарда ұстап, шикіліктер байқалса, қатаң шара қолданатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама